01 сәу, 2020 сағат 19:10

Президент мәлімдемесінен экономикалық жағдайдың бақылауда екенін байқаймыз - Ринат Кертаев

Президент мәлімдемесінен азаматтардың денсаулығы ғана емес, экономикалық жағдайы да бақылауда екенін байқаймыз. «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

​«Еліміздің «әлеуметтік бағдарланған мемлекет» екенін тағы да сезініп жатырмыз. Тәуелсіздікті алғалы бері азаматтарға, оның ішінде аз қамтылған жандарға жүйелі қамқорлық жасалып келген еді. Енді, міне жаһандық ахуалдың күрделенуіне байланысты қамқорлықты күшейтіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі мәлімдемесінде азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсетілетінін жеткізді. Бұдан азаматтардың денсаулығы ғана емес, сондай-ақ экономикалық жағдайы да бақылауда екенін байқаймыз. Ең төменгі жалақы мөлшеріндегі, яғни 42 500 теңге көлеміндегі көмек 3 миллионға жуық адамға көрсетіледі екен. Азық-түлікті тегін алатындардың да қатары артады, 800 мыңнан асады. Оның ішінде жұмыссыздар да бар. Бұл, бір жағынан, көпшіліктің көкейіне ұялаған азық-түлік тапшылығына қатысты алаңдаушылықтың негізсіз екенін білдіреді. Шағын және орта кәсіпкерлікке де салықтық жеңілдіктер жасалып жатыр. Бұлардың қай-қайсысы да – үлкен демеу», - деді Ринат Кертаев.

Оның айтуынша, азаматтардың да қоғам алдындағы жауапкершілігі барын еске алу керек. 

«Әрине, халқымыздың жомарттығы – көпке үлгі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорына аз уақыттың ішінде миллиардтаған қаржы жиналды. Ұлттық бизнес өкілдері ағайын дегенде аянбай көмектерін көрсетуде. Мемлекеттің күш-жігеріне қосымша ресурстарды жұмылдырудың тиімділігін біз Арыс апатында анық сезінгенбіз. Қаланы қалпына келтірудегі халықтың ұйымшылдығы тағы бір мәрте танылатын сәт туып тұр. Ынтымағы жарасқан, татулығы бар асқан елдің қай қиындықты да жеңетіні – тарих көрсеткен тағылым», - деді Ринат Кертаев.

Оның айтуынша, «үйде отырып, әлемді құтқару» дейтін әңгіме – қазір әзіл емес, шындық. 

«Адамдар арасындағы қарым-қатынас қаншалықты азайса, коронавирустың таралуы соншалықты төмендейді. Сондықтан, мемлекет тарапынан жасалып жатқан шараларға түсіністікпен қарап, дәрігерлер мен құқық қорғау органдарының барлық сақтық нұсқауларын сабырмен әрі жауапкершілікпен орындаған абзал. Міне, сонда «уақытша қиындықтың» уақытын әлдеқайда қысқартамыз деп ойлаймын. Үйде болайық, аман болайық! #BizBirgemiz», - деді Ринат Кертаев.