Елордада Президенттің қатысуымен өткен Ұлттық кеңес отырысында талқыланған мәселелерге қатысты ҚСЗИ Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін өткен екінші Ұлттық кеңес отырысы бірінші отырыс арасындағы уақыт тығыз болса да әрбір жұмыс тобы өз бағыттары бойынша ұсыныстарын берген. Сол ұсыныстардың басым бөлігі реформалардың қатарына кірген. Яғни, бұл жұмыс осымен тоқтап қалмай, жалғасын табады дегенді білдіреді», - дейді Алуа Жолдыбалина.
Оның айтуынша, Президент бірқатар тапсырма беру арқылы қоғамның талап-тілектерін ескеріп отырғанын көрсетті.
«Саяси жүйеде »мүдделердің артикуляциясы«, »мүдделердің агрегациясы« деген түсінік бар. Яғни, саяси жүйе өзін қоршаған қоғамнан әртүрлі ипульс - талап-тілектер алады. Оның бәрі жиналып мүдделердің артикуляцына айналады. Мысалы, бүгін Президенттің айтқан тапсырмалары, ұсыныстары қоғамдағы әлеуметтік топтардың, қоғамдық ұйымдардың, азаматтық қоғам секторының мүддесін ескергенін көрсетеді», - дейді ол.
Сондай-ақ, ол билік кеткен олқылықтардан сабақ алғанын айтты.
«Бүгін Президент саяси жаңғыруға көбірек тоқталды. Бұл - алғашқы нәтиже ғана. Әлеуметтік сала бойынша айтар болсақ, көпбалалы отбасыларға төлемақы кіріске байланысты емес, баланың санына байланысты беріледі. Бұл биліктің Атаулы әлеуметтік көмек бойынша кеткен олқылықтардан ой түйгендіктерін, ұстанымдарын көрсетіп отыр. Кез келген енгізілген жаңғырту ары қарай өзгереді, жаңарады, себебі билік те кеткен олқылықтан қорытынды шығаратынын, ары қарай жұмыс істеуге дайын екенін көрсетіп отыр. Үкіметке атқарушы билік ретінде көп міндет, жауапкершілік жүктеледі. Барлық реформаларды дайындаған кезде заңнама дайындап, іс-шараларды қамтып, бюджетке өзгеріс енгізу керек. Мұның бәрі үкіметке үлкен міндет артылады дегенді білдіреді», - дейді бөлім басшысы.