15 нау, 2020 сағат 11:07

Президент: Қазақстан өз халқымыздан басқа ешкімге керегі жоқ

«Біздің бүгінгі тыныш өмірімізді, табыстарымызды, тұрақты тіршілігімізді көре алмайтын жаулар да жеткілікті. Оны ешқашан естен шығармауымыз керек». ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сөздерін Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында бөлісті.

«Бүгінгі әлем тұрақты емес. Жаһандағы ахуал күн сайын өзгеріп жатыр. Өте құбылмалы жағдайда өмір сүріп келеміз. Кезінде қырғи-қабақ соғыс заманы өткен кезде барлық саясаткерлер енді әлемнің келешегі жарқын болады, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келеді, қақтығыстар болмайды деп айтқан болатын. Дегенмен, мұндай болжамдар бұрыс болып шықты. Қазір адамзаттың болашағы бұлыңғыр. Біздің еліміз де дүние жүзінің бір бөлігі» деп бағамдады Президент. 

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, жазбада «Қазақстан өз халқынан басқа ешкімге керегі жоғын, тұрақты тіршілігімізді көре алмайтын жаулар да жеткілікті» екенін атап өткен. 

«Бұл ғаламда Қазақстан өз халқымыздан басқа ешкімге керегі жоқ. Әрине, достарымыз аз емес. Бірақ біздің бүгінгі тыныш өмірімізді, табыстарымызды, тұрақты тіршілігімізді көре алмайтын жаулар да жеткілікті. Оны ешқашан естен шығармауымыз керек. Біздің болашағымыз – біздің ғана қолымызда» деп жазды Қазақстан Президенті.