Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен жиында бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуы мен көлеңкелі экономика мәселесіне ерекше назар аударды, деп хабарлайды Ult.kz.
Президенттің айтуынша, мемлекет әлеуметтік саланы дамыту үшін қомақты қаражат бөліп отыр. Алайда соған қарамастан, алаяқтық пен қаржы жымқыру деректері азаймай отыр.
«Біз елімізді дамытуға арналған қаражатты тиімді жұмсаудың амалын іздеп қиналамыз. Бірақ соған қарамастан әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңге қаржыны жымқыратын алаяқтар бар, тіпті, аз емес деп айтуға болады. Бұл – мүлде ақылға сыймайтын жағдай. Мұндай кеселді түп-тамырымен жою керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге заңсыз шығару фактілерінің де әлі тыйылмай отырғанын атап өтті.
«Қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары да азаймай тұр, ондай заңсыздыққа тосқауыл қою қажет. Мұндай теріс ахуал экономикаға орасан зор зардабын тигізуде», – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев көлеңкелі экономикамен күресті күшейту аса маңызды міндет екенін айтып, Қаржылық мониторинг агенттігінің рөліне тоқталды.
«Түптеп келгенде, көлеңкелі экономикамен үзілді-кесілді күресу керек. Қаржылық мониторинг қызметінің алдында тұрған міндет белгілі: бұл – мемлекет қаржысының тек қана ел игілігіне жұмсалуын қадағалау», – деді Мемлекет басшысы.
Президент бұл жауапты міндеттің сапалы орындалуы агенттік қызметкерлерінің кәсіби жұмысына тікелей байланысты екенін атап өтті.
