08 шіл, 2025 сағат 15:38

Президент ICAO басшысымен кездесті: Қазақстан авиацияда өңірлік көшбасшылыққа ұмтылып отыр

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) кеңесінің президенті Сальваторе Шаккитаноны қабылдады. Кездесуде Қазақстанның азаматтық авиация саласындағы жетістіктері мен халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Ult.kz.

Президент Қазақстанның Орталық Азияда тәуелсіз Авиация әкімшілігін құрған алғашқы мемлекет екенін атап өтті. Бұл құрылым ұшу қауіпсіздігін бақылауды күшейтіп, саладағы ашықтық пен кәсібилікті арттыруға сеп болды. Сонымен қатар, Монреаль қаласындағы ICAO жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігінің жұмысы да нәтижелі жүзеге асып жатқаны айтылды.

Кездесу барысында халықаралық бағыттардың кеңеюіне ерекше назар аударылды. Бүгінде Қазақстан әлемнің 30-дан астам елімен тікелей әуе қатынасын орнатқан. Алдағы уақытта Нью-Йорк, Токио және Сингапур қалаларына рейстер ашу жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа әуежай терминалдары іске қосылғанын атап өтті. Әсіресе, Алматы халықаралық әуежайының өткізу қабілеті жылына 2,5 миллионнан 14 миллион жолаушыға дейін артқаны – айрықша жетістік.

Сондай-ақ тараптар Қазақстан мен ICAO арасында азаматтық авиацияны дамыту жөніндегі бас жоспарға қол қоюды маңызды қадам ретінде бағалады. Бұл құжат авиация саласының ұзақмерзімді стратегиясын айқындауға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Сальваторе Шаккитано Қазақстанның авиация саласындағы жүйелі реформалары мен орнықты өсіміне жоғары баға берді. Ол еліміздің халықаралық авиация кеңістігіндегі беделі артып келе жатқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев авиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға қосқан үлесі үшін Сальваторе Шаккитаноны I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.