06 жел, 2019 сағат 12:19

Президент ең төменгі жалақы мен зейнетақы көлемін бекітті

Мемлекет басшысы қол қойған "2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңда келесі жылдың ең төменгі жалақысы мен зейнетақысы көрсетілген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Үш жылдық бюджетке сәйкес, келесі жылы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақының көлемі бұрынғы деңгейде қалады. Ол – 42 500 теңге. Ал мемлекеттің базалық зейнетақысы 16 839 теңгеге өседі. Осылайша, ең төменгі зейнетақының көлемі 38 636 теңге болады.

Бұдан бөлек, айлық есептік көрсеткіш – 2 651 теңге, ал ең төменгі күнкөрістің деңгейі 31 183 теңгеге дейін көтеріледі.

Айта кетейік, осы аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше маңызды заңға қол қойған болатын. Соның ішінде 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет, Ұлттық қордан бөлінетін трансферт, сондай-ақ, үш жылда республикалық бюджеттен облыстық және республикалық маңызы бар қалаларға берілетін трансферттер туралы заңдар бар.

Жоспарға сәйкес, келесі жылы республикалық бюджетке түсетін ақшаның көлемі 11,2 триллион теңге болады. Ал шығындардың көлемі 12,4 триллионға дейін барады.