Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Эфиопия президенті Тайе Ацке-Селассиеге Эфиопияның Ұлттық күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады. Ал Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевті және әзербайжан халқын ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ult.kz.
"Қазақстан Президенті жеделхатында екі ел арасындағы қарым-қатынас зор әлеуетке ие екенін атап өтіп, өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін күш-жігер жұмылдыруға әзірлігін растады. Қасым-Жомарт Тоқаев Тайе Ацке-Селассиенің жауапты мемлекеттік қызметіне толағай табыс, ал Эфиопия халқына құт-береке тіледі", – делінген Тоқаев Эфиопия президентіне жолданған жеделхатына байланысты хабарламада.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті және әзербайжан халқын ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, сан ғасырлық достыққа негізделген қазақ-әзербайжан қарым-қатынасы шынайы стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында дамып келе жатқаны қуантатыты айтылған.
"Бірлескен күш-жігеріміз арқылы жетістіктерімізді еселеп, сан қырлы мемлекетаралық ынтымақтастықты жаңа белеске шығаратынымызға сенімдімін", – деп жазылған жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевтің жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал бауырлас әзербайжан халқына бақ-береке тіледі.
