Белгілі ғалым, орнитолог, Пулитцер сыйлығының иегері Джаред Даймонд өзінің «Қару-жарақтар, микробтар мен шарболат» атты кітабында бір тағылымды тұжырым жасайды. «Өркениет Батыс Еуразиядан басталып, Батыс Еуразиямен бітпейді. Біздің дәуірімізге дейінгі үшінші мыңжылдықта-ақ Еуразияның өне бойында, өзге құрлықтарда жазба мәдениетімен қатар орталықтандырылған саяси билік, қалалар мен өндіріс, қолға үйретілген үй жануарлары, металл қару-жарақ пен еңбек құралдары болған». Дүние жүзі ғалымдары осы ақиқатты бір ауыздан мақұлдап отыр.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бүгінгі күні әлем тарихнамасында қалыптасқан осы мазмұндас тұжырымдарды жан-жақты толықтырып, нақтылай түседі.
«Ұлы даланың жеті қыры» ХХІ ғасырдағы тарих ғылымына, өркениеттер жылнамасына, отандық тарихқа қатысты жаңа танымның, жаңа құндылықтардың көкжиегін ашып беріп отыр.
Ең бастысы, Мемлекет басшысының еліміздің өткені мен бүгіні туралы келелі пікірі адамзат дамуы үдерісін үстірт әрі бір жақты қарастыратын еуроцентристік және басқа да ұстанымдардан әлдеқайда биік тұр.
Жасыратыны жоқ, біз тәуелсіз Қазақстан тарихының ұстынын әуел баста еуроцентристік, кеңестік мазмұнда сипаттауға мәжбүр болдық. Оның да объективті себептері бар екені түсінікті. Ғасырларға ұласқан отаршылдық, бодандық салдарынан Еуразияның кіндігіндегі көшпенділердің өркениет жылнамасы жоғалуға айналды, тұтас бір ұлт тарихының жарқын беттері көмескі тартты. Соның кесірінен қаншама ұрпақтың буыны өз ата-тегін примитивті қоғам мен варварлар қауымынан өсіп-өнген жұрт есебінде қабылдайтын деңгейге жетті. Бұл нағыз трагедия еді.
Тарихқа қиянат жүрмеуі тиіс. Соның ішінде қазақ тарих ғылымындағы олқылықтардың орнын толтыратын уақыт жетті. Президент өз мақаласына осы шетін мәселені өзек етіп отыр: «Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді».
Міне, сол арқылы тәуелсіз еліміздің шынайы, боямасыз макротарихы жасалады. Ол макротарих осыдан 550 жыл бұрын құрылған Қазақ хандығынан басталмайды, оның мың жылдық, бес мың жылдық жүріп өткен соқпақ жолы, тағдыр-талайы бар. Яғни, Елбасы жазғандай, тарихқа деген дұрыс ұстаным ұлт шежіресіндегі осындай күрмеуі қиын мәселелерді шешуге мүмкіндік туғызады.
Мемлекет басшысы айтып отырған көшпенділердің «Жеті жетістігі» – Қазақстанның, қазақ жерінде мыңдаған жылдар бойы өмір сүрген халықтардың адамзаттың дамуына қосқан ерекше, баға жетпес үлесі. Ал біз осы уақытқа дейін бұл туралы ашып айтуға да именіп келдік.
Мемлекет басшысы мақаласында тарих ғылымының басымдықтарымен қоса, оның әдістемесін, алты бағыттағы кешенді практикалық іс-шараларды ұсынып отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылатын бұл іс-шаралар халықтың, жас ұрпақтың дүниетанымының негізін, іргетасын қалайтын болады.
Елбасы мақаласын: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деп тұжырымдайды.
Президент бастамалары, шын мәнінде, еліміздегі тарих ғылымы мен руханият дамуының жаңа белесіне жол ашады. Осы арқылы қоғамдық ой мен сана жетіледі, мемлекетшілдік пен отаншылдық идеясы жаңғырады, ұлттық сәйкестік пен береке-бірлік орнығады.
Бұл, әсіресе біздің ғалымдарымыз бен тарихшыларымыз үшін, оқытушыларымыз үшін зор мүмкіндік деп ойлаймын. Олар алыс-жақын шетелдегі мұрағаттармен, ғылыми-зерттеу институттарымен, тарихшылармен тығыз байланыс орнатып, қазақ тарихына қатысы бар кез келген дерек, құжаттарды елге әкелуге, ұлт жылнамасындағы «ақтаңдақтардың» жұмбағын ашуға, Қазақстан тарихын объективті, толыққанды жасап, оқытуға бар күш-жігерін салуы тиіс.
Біздің міндетіміз мақалада көтерілген бастамалар мен міндеттерді ойдағыдай орындап, халықты, қоғамды осы мақсатқа бір кісідей жұмылдыру болмақ.
Дархан Кәлетаев,
Қоғамдық даму министрі
"Егемен Қазақстан" газеті