Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловты қабылдап, елдегі заң үстемдігі мен прокуратура қызметінің негізгі бағыттары бойынша есеп тыңдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Берік Асыловтың айтуынша, арнайы прокурорлар биыл сотқа 55 қылмыстық іс жолдаған, нәтижесінде 112 адам сотталған. Қазіргі таңда 80 іс сот қарауында тұр. Тексерілген істер бойынша мемлекетке келген 14,4 млрд теңге залал өтелді.
Сонымен қатар, прокурорлар қылмыстық жолмен табылған мүлікті анықтау және оны ел экономикасына қайтару жұмыстары туралы баяндады. Жалпы құны 105 млрд теңгенің активіне тыйым салынған, оның ішінде есірткіге қарсы істер бойынша 12 млрд теңге актив мемлекетке өткізілген.
Соңғы екі жылда прокуратура органдары 850 млрд теңге көлеміндегі активті қайтарды. Бұл қаражатқа өңірлерде 400-ге жуық әлеуметтік және коммуналдық нысан салынуда, олардың 60-ының құрылысы аяқталды.
Бас прокуратураның атауы өзгеріп, жаңа форматта кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқығын қорғауға басымдық берілмек.
Президент барлық салада заңдылықты қамтамасыз етіп, «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ құқық қорғау және мемлекеттік органдардың алаяқтықпен, есірткі саудасымен, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен, вандализммен күресті күшейтіп, бизнесті негізсіз қылмыстық қудалауға жол бермеу шараларын үйлестіру маңызды екенін айтты.
