Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдады. Кездесу барысында қала басшысы шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады, деп хабарлайды Ult.kz.
Дархан Сатыбалдының айтуынша, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматыда қысқамерзімді экономикалық индикатор 11 пайызға өскен. Сонымен қатар, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 25,4 пайызға артқан.
Әкім қаланың полицентристік даму үлгісі бойынша дамып жатқанын атап өтті. Бұл тәсіл қаланың орталық бөлігіне түсетін жүктемені азайтуға, инфрақұрылымды теңгерімді бөлуге және жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, аудандар арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз ету және қоғамдық көлік жүйесін жетілдіру – күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қала құрылысын жоспарлауға қатысты нақты тапсырмалар берді:
Алматының жоғарғы бөлігінде көпқабатты тұрғын үйлер салуға және аумақты тарылтатын тығыз құрылыс жүргізуге мораторий енгізуді тапсырды. Бұл шектеу Бас жоспарға енгізілген әлеуметтік және туристік жобаларға қатысты емес.
Бас жоспарға табиғи ортаны қорғау, тау бөктеріндегі құрылысқа жол бермеу және қаланы жүйелі дамытуға арналған өзгерістерді дер кезінде енгізу қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы Алматыны одан әрі өркендетуде қала әкімдігі мен Үкімет тарапынан үйлесімді және жоспарлы жұмыс қажет екенін баса айтты.
