Фото: newreporter.org
Белгілі журналист, менеджер, Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы Думан Смақов «Масс-медиа туралы» жаңа заң жобасын сынға алды. Ол Facebook парақшасындағы жазбасында "даулы" заң жобасының бірнеше бабына қатысты пікір білдірген.
"Бір топ журналистер, құқыққорғаушылар болып Алматы және Астана қалаларында бір уақытта екі пресс-конференция жасадық.
Мақсат не? Мақсатымыз - Қазақстанның шынымен ақпараттық тәуелсіз болуы, Ресейден көшірілген Заңдардың қабылданбауы, Президент мырзаның сөз бостандығы мен адам құқықтарының апокалипсисіне назарын аударту, үкіметаралық комиссияның журналистерді қудалап, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, қызметімізге шектеу жасап, тіпті тыйым салатын нормаларды қабылдатпау" - деп жазды журналист.
Оның айтуынша, бұл - тек тәуелсіз медианың ғана емес, бастарына күн туғанша “мемлекетшіл” болып, үн-түнсіз ақшасын алып отырғандардың да, министрлік пен Заңды ақтап пост жазып жатқандардың да алаңдауы тиіс жағдай.
"Ертең Заң қабылданып, “қолымды мерзімінен кеш сермедім” болмаса игі еді.
Ал енді шулы Заңның бірінен бірі өткен бірнеше ғана бабына тоқталайық.
“Масс-медиа туралы” деп аталатын заң жобасында мемлекет пен мемлекеттік органдардың журналистердің алдында жауапкершілігінен гөрі журналист жұмысын қадағалау, оны реттеу мен жазалау қарастырылған. Шынтуайтында, мемлекеттік органдар халықты бақылаушылар емес, оның салығына жалданған қызметкерлері екенін ұмытып кетсе керек. Бір Заң аясында бірнеше жаңа органдар құрып, олар журналистерді тырп еткізбейтін болмақ. Қыл аяғы этикалық нормаларды реттеп, оған бағынбаған “тентектерді” тәубесіне келтіреді-міс. Ол қандай тәубе, ол қандай жаза? Біз әлі социалистік я диктаторлық режимді елміз бе?
Әуелі Мем.органдардың сұмдық мақтап жатқан пресс-картасына тоқталайық. Әріптестерімнің алданып отырғаны да - осы. Карта туралы айтқанда АҚДМ Түркияны мысалға келтірді. Иә, расында бар. Бірақ, біздің сүйікті министрлік Түркияның осы картаны енгізгеннен кейін Халықыралық ұйымдардың сынына қалғанын, журналистерге шектеу мен репрессияның артқанын неге назарға ілмейді? Бәлкім, бізде де сөйтпек шығар…
Пресс-карта деген не өзі? Әлгінде бір әріптесім “бізді блогерден ажырату үшін” керемет депті. Бұл қай сасқаны? Қызметтік куәлікті әр редакция береді емес пе?! Пресс-карта - бізді блогерлерден ажыратушы емес, біздің қызметімізді шектеп, аяғыма салынған тұсау, мойнымызға тағылған қыл арқан.
Журналистке берілетін әлеуметтік жеңілдіктер дегені тағы бар. Бірақ, бұның да түбіне түскен ешкім жоқ. Тағы бір әріптесім “жеңілдетілген ипотека” депті. Керемет шығар. Бірақ картасмақсыз үй алып жатқан қанша журналист бар?! Олар “Алматы жастары”, “Астана жастары”, “7-20-25” деген сияқты жалпыға бірдей бағдарламалар аясында үй алып, алды кіріп үлгерді.
Журналистке карта тек 1 жылға беріледі. Тентек болсаң, тартып алады. Жұмыстан шығып қалсаң, 3 айда жұмыс тауып, орналасуға міндеттісің. Онымен қоса карта алу үшін кемі 3-5 жыл тәжірибең болу керек. Вообщем, айта берсең көп.
Тағы бір мәселе - журналист арнаулы режим кезінде мақаланы мемлекеттік органдармен келісуі керек. Содан кейін ғана шығара алады. Өзім бұл жерден Екібастұздағы жағдайдың ізін көрем. Әлдебір шенеунік “журналистер әсірелеп жіберді” деп еді. Бүгін олар Конституцияның 20-бабын бұзғалы отыр. Цензураға тыйым салынған, бірақ… Бірақ жап-жаңа Қазақстанның Үкіметі бұдан бейхабар сияқты. Сонда қалай болғаны?" - дейді ол өз жазбасында.
Журналистің сөзінше, жаңа Заң жобасының әр бабына, әр тармағына журналистерді қалай репрессиялап, сөз бостандығын қалай шектеу керек, тентектерді қалай бағындыру керек, Президенттің айтқанын қалайша саботаж жасау керек деген тақырыптарда диссертация жазуға болар еді.
"Әріптестерге айтарым, ойбай олар “бүлікшілер” дегенше, Заңды ашыңыз. Әр бапты, әр тармақ пен тармақшаны мұқият оқыңыз. Бұл - біздердің болашағымыз, халықтың аманаты. Аманатқа қиянат жасау дұрыс еместігін өздеріңіз де білесіздер.
Шыны керек, осымен үшінші министр болып жасап жатқан Заң - тым репрессивті. Дәл осы қалыпта қабылдау Тоқаев мырзаға деген сенімсіздікті арттыруы ғажап емес. Былайша айтқанда, “мен не деймін, домбырам не дейді?!”
Айтпақшы, назар аударатын тағы бір мәселе, біз Тоқаев мырза жиі айтатын ашық диалогты таңдап келдік. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бір үстелге отырып, бір зумға кіріп, үнімізді естіртуге тырыстық. Бірақ, бәрі - зая. Осыдан барып қоғамды дамытқысы келетіндердің шын мақсаты не екен деген сұрақ туындайды" - деп жазады Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы.