Фото: Kazpravda.kz
Премьер-министр Олжас Бектенов Саран қаласындағы жағдайға қатысты үкімет отырысында қатты сын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Саран қаласындағы жылыту маусымының басталуына байланысты мәселе күн тәртібінен тыс қаралды.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қазіргі жағдай мен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, 13 қазанда қазандықтың автоматикалы жүйесіндегі ақауларға байланысты жұмыс тоқтатылған. Қосалқы қазандық іске қосылып, жұмыстар әкімнің жеке бақылауында тұр.
Оған жауап ретінде премьер-министр қалалық және облыстық әкімшіліктің бақылауы жеткіліксіз болғанын атап өтіп, барлық жұмыстардың бүгін аяқталуын тапсырды. Ол Саран қаласының әкімі мен дайындық жұмыстарына қатысты жалған ақпарат берген тұлғалардың жауапқа тартылатынын қатаң ескертті.
Отырыс соңында премьер-министр Энергетика министрін Саран қаласына тексеруге жіберетінін, тексеру нәтижелері құқық қорғау органдарына тапсырылатынын және кінәлілердің қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.