08 қар, 2016 сағат 13:29

Премьер-Министр педиатрия факультеттерін қайта ашуды тапсырды


ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев дәрігерлердің, әсіресе, балалардың денсаулығына қатысты жіберуі мүмкін қателіктерінің тым қымбатқа түсетіндігіне назар аударды және медициналық жоғары оқу орындарындағы педиатрия факультеттері мен балаларға арналған медициналық көмек қызметін қалпына келтіру бойынша шұғыл шараларды қабылдауды тапсырды.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысы барысында Қазақстанда педиатрияны қалпына келтіру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Ол «әсіресе, балалар дәрігерлерінің қателіктері тым қымбатқа түсетінін, бұл тұста медициналық кадрларды – әсіресе, балалар дәрігерлерін, педиатрларды даярлау сапасына көңіл бөлу қажеттігін» атап өтті.

Премьер-Министр денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсеноваға және білім және ғылым министрі Е.Сағадиевке медициналық жоғары оқу орындардағы педиатрия факультеттерін қалпына келтіру және жаңа оқу жылынан бастап бірден мамандарды даярлауды бастауды тапсырды.

«Мұндай мәселелерде эксперимент жасауға болмайды», деп атап өтті Премьер-Министр Б.Сағынтаев.

Еске салайық, еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарында педиатрия факультеттері 2007 жылы жабылды, бакалавриат деңгейінде дәрігерлерді даярлау жалпы тәжірибедегі дәрігерлерді дамыту қағидаты бойынша жүзеге асырылады.