Коллаж: Ult.kz
Бүгінде қолымыз қалт етсе болды, әлеуметтік желіні ашып, түрлі видеолар көретініміз жасырын емес. Әсіресе, блогерлердің күлкілі пранктары көпшіліктің назарын өзіне аударуда. Осы орайда Ult.kz тілшісі заң мен психология саласының мамандарын сөзге тартып, пранк жасаудың салдарын қарастырып көрді. Мамандар орынсыз жасалған пранктың салдары ойыншық болмай қалуы мүмкін екенін айтады.
Пранк түсіремін деп заңға қайшы әрекетке барып жатқандар да кездеседі. Оның бір дәлелі Қытайда пранк жасаған блогер қыздың әрекеті. Алматыға Қытайдан жақында оралған бойжеткенге қатысты Алматы қалалық полиция департаменті профилактикалық әңгіме жүргізді. Оған себеп – оның қатысуымен түсірілген бейнероликтердің әлеуметтік желіде кең таралуы және қоғам тарапынан теріс реакция туындауы.
Аталған видеолардың бірінде бойжеткен серігінің қалтасынан ұялы телефонды алып, оны көшеде кетіп бара жатқан Қытай азаматтарының қолына ұстатады. Кейін соларды «телефон ұрлады» деп көрсетіп, жағдайды әдейі шындыққа жанаспайтындай етіп көрсеткен. Профилактикалық әңгіме барысында бойжеткен әрекетіне өкініш білдіріп, қоғамнан кешірім сұрады.
– Мен бұл видеоларды ешкімді қорлау немесе ренжіту мақсатында түсірмедім. Жариялау кезінде ойланбағаным рас. Егер біреудің көңіліне тисем, кешірім сұраймын. Бұдан былай жарияланатын контентке мұқият қараймын, – деді ол.
коллаж: turkystan.kz
Пранк – ойын ба, жауапкершілік пе?
Бүгінде әлеуметтік желіні ашсаңыз, күлкіге қарық қылған бейнелерден көз сүрінеді. Бірі дүкенде адамдарды шошытады, енді бірі көшеде бөгдені мазақ етеді, үшіншісі жұмыс орнында әріптесін «әзілмен» абдыратады. Бұлардың көбі – пранк, яғни жоспарланған әзіл. Бірақ сол әзілдің астарында не жатыр? Шын көңіл ме, әлде есерлік пе? Ең бастысы – оның салдары қайда апарады?..
Психологтар да, заңгерлер де дабыл қағып отыр: пранк – адам психикасына да, қоғамға да кері әсер етуі мүмкін, ал кей жағдайларда заң алдындағы жауапкершілікке дейін жетелейді.
Фото: Қуат Ауғанбектің жеке мұрағатынан
«Егер пранк адамға зиян келтірсе, қоғамдық тәртіпті бұзса немесе заңсыз әрекеттермен байланысты болса – Қазақстан заңдары ондай әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырған.
Мәселен, қоғамға жат, әдепсіз әрекеттер мен қоғамдық тыныштықты бұзу ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша "ұсақ бұзақылық" деп танылады.
Егер пранк қасақана күш қолданумен, мүлікті бүлдірумен немесе тәртіпті өрескел бұзумен қатар жүрсе – ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабына сай бұзақылық ретінде қарастырылады.
Ал егер адамның денсаулығына зиян келсе – бұл ҚК 107–109-баптарына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.
Психологиялық немесе моральдық зиян келсе – азаматтық сот арқылы моральдық өтемақы талап етілуі мүмкін (ҚР Азаматтық кодексі, 951-бап)», – дейді заңгер Қуат Ауғанбек.
Камераға түсіруге бола ма?
Қоғамда көп талқыланатын тағы бір мәселе – адамның рұқсатынсыз видеоға түсіру және оны әлеуметтік желіге жариялау. Бұл – ойнақы видео түсіру ғана емес, жеке өмірге араласу.
Егер адам бейнеленуге келісім бермесе, оның видеосын интернетке жүктеу — ҚР Азаматтық кодексінің 145-бабын, «Ақпарат туралы» және «БАҚ туралы» заңдарды бұзуы мүмкін.
Жәбірленуші бейнежазбаны өшіруді талап етуге толық құқылы. Егер бұл талап орындалмаса, азаматтық немесе қылмыстық жауапкершілік туындайды.
Кейбір пранк жасаушылар жасырын камераны қолданады. Бұл енді әзіл емес, қылмыстық әрекет деп есептейді заңгер.
ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабына сәйкес, жасырын түсірілім – жеке өмірге заңсыз араласу ретінде қарастырылады. Бұл үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Тіпті БАҚ өкілдері де адам рұқсатынсыз жасырын түсірілім жүргізуге құқылы емес.
Пранк – тек күлкі үшін жасалатын еркін қимыл емес, ол адамның ішкі әлеміне, психикасына, қадір-қасиетіне араласу. Әсіресе адамның рұқсатынсыз, қалауынсыз орын алған әзіл зорлықтың жеңіл түріне айналуы мүмкін.
Писхологтың айтуынша, қоғамдық қарым-қатынасты жеңіл әзілмен емес, мәдени диалогпен құрайық. Күлкі іздеп жүріп, заңнан аттамайық. Әзілдің де шекарасы бар – ол адамның құқығы мен қадірі.
Психологиялық соққы алдым
Психологтың сөзінше, пранк адамның психикасына қатты әсер етуі мүмкін. Біріншіден, ол адамның бойындағы бұрынғы қорқыныштарын қозғап жібереді. Екіншіден, адам психологиялық жарақат алуы ықтимал.
Фото: Гүлбанум Мурадуллаеваның жеке мұрағатынан
«Мен – шоктық жарақат (шоковая травма) бойынша маманмын. Мұндай жағдайға адам түсіп қалмауы үшін ең алдымен оның айналасын бекітіп, психикасын нығайту қажет. Мен әр адаммен жұмысымды осылай бастаймын. Өйткені шоктық жарақатқа ұрындырған сәт – бұл адамның әлсіз жеріне бірден соққы беру, яғни оны бірден "қорғансыз өткелге" итеру сияқты.
Ал пранк кезінде адам еш дайындықсыз сол қорғансыз өткелге бір-ақ лақтырылады. Одан ол шыға ма, шыға алмай ма – ол жағы беймәлім. Кейде адамдар ондай күйден мүлде шыға алмай қалуы да мүмкін.
Бұрын маған да пранк жасаған. Мүмкін, олар психологтың психикасы мықты болады деп ойлаған шығар. Мен кәсіби маман болсам да, бұл жағдайды ауыр қабылдадым. Оның үстіне, сол кезеңде мен шоктық жарақатпен жұмыс істеу бойынша мамандандырудан өтіп жатқан болатынмын.
Пранк тек өте жақын адамдар арасында, бірін-бірі жақсы білетін, сенім артатын орталарда ғана болуы керек. Сонда ғана адамның реакциясын алдын ала болжауға болады. Ал сырт адамға, қарым-қатынас шынайы дамымаған ортада пранк жасаудың еш қажеті жоқ.
Біз әрбір адамда пранк кезінде қандай реакция болатынын нақты біле алмаймыз. Иә, кейбір дүниелерді әзілмен айтуға, астарлап жеткізуге болады. Бірақ пранкты беталды, дайындықсыз жасау – дұрыс емес», – дейді писхолог Гүлбанум Мурадуллаева.
Біз әдетте пранк құрбаны туралы көп айтамыз. Ал пранкты кім жасайды? Психологияда бұл да маңызды сұрақ. Адамның еркінен тыс, оның қалауын ескермей жасалған пранкты тіпті психологиялық зорлық-зомбылық деуге болады.
Ақбота Мұсабекқызы
