21 жел, 2023 сағат 23:31

Прагадағы Карлов университетіне шабуылдан кемі 10 адам қаза тапты

© AP Photo / Petr David Josek

21 желтоқсан кешкісін Чехия астанасы Праганың орталығындағы Карлов университеті философия факультетінің ғимаратына бір адам қарумен шабуыл жасады. Чехия қоғамдық телеарнасының хабарлауынша, шабуылдан кемі 10 адам қаза тауып, оннан аса адам жараланған, деп жазады Азаттық.

Полиция оқ атқан адам да өлтірілгенін хабарлады. Ал Прага қаласының мэрі Богуслав Свобода Чехия қоғамдық телеарнасына берген жауабында шабуылдаған адам биіктен секіріп кеткенін айтты.

Бұл адамның Чехия азаматы екенін айтылды, бірақ оның не үшін оқ атқаны белгісіз.

Куәгерлердің бірі Азаттықтың Орыс қызметіне айтуынша, Прага уақытымен түскі үш кезінде университет қызметкерлеріне ғимаратта қарулы адам жүруі мүмкін деп хабарланған.

Карлов университетінде сабақ беретін Азаттық радиосы Орыс қызметінің тележүргізушісі Сергей Медведев атыс кезінде оқиға орнында болған. Ол университетте сабақ беріп жатқан. Медведев басында аудиторияда жасырынғанын, кейін басқа жаққа эвакуацияланғанын айтты.

Чехияның Novinky.cz сайты жариялаған суреттерде қолын көтеріп тұрған адамдар, қашып бара жатқандар көрінеді. Чехиядағы ақпарат агенттіктері оқиға орнында полиция мен құтқарушылар жүргенін, университет маңына елдің ішкі істер министрі Вит Ракушан келгенін жазып жатыр.

Айта кетейік, Прага әлемдегі ең қауіпсіз қалалардың бірі саналады.