Жамбыл облысында пойыз апатынан 12 жастағы Алексей Мальнев қаза болды. Қазіргі уақытта оның отбасы Қарағандыға баланы жерлеуге қайтып бара жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ата-анасының айтуынша, олар Ыстықкөлге бара жатқан. Алайда сапар қайғылы жағдаймен аяқталған.
"Мен осы пойызда Лешамен, күйеуіммен және кенже ұлыммен болдым. Біз 12-вагонда болдық. Барлығы басталғанда кенже ұлымды ұстап қалдым", - деп еске алды қаза болған баланың анасы Ольга Мальнева.
"Шығайын деп жатқанбыз. Шуға жетіп қалған едік. Енді міне шығамыз деп отырдық. Бірде барлығы аударылып кетті. Мен алдында келе жаттым, ал артымда ұлым, сосын әйелім кенже ұлыммен бірге. Бастапқыда тербелгендей болды, сосын барлығы бір сәтте аударылып кетті, түсінбей қаласың. Содан вагон соғылып, алға қарай ұшып кетті", - дейді қаза болған жасөспірімнің әкесі Григорий Мальнев.
Сондай-ақ, ата-анасы жерлеу рәсімінің ертең Қушоқы ауылында болатынын айтты.
Осыған дейін пойыз апатынан қаза болған жасөспірім мен зардап шеккендердің тізімі жарияланған болатын.
Сонымен қатар, мұның алдында ҚР ИДМ баспасөз қызметі Шу станциясы маңында пойыздың рельстен шығу себептерін тексеретін комиссия құрылғанын хабарлаған еді.
"17 маусымда 13.25-те Сарышаған-Шу учаскесінде Астана-Алматы бағытындағы #9/10 пойызының жолаушылар отыратын 8 вагоны рельстен шығып кетті. Төтенше оқиға машинист теміржолдың қисайғанын көріп, көлікті шұғыл тежегенінен кейін болды. Оқиғаны тексеру үшін ҚР ИДМ Көлік комитеті жанынан арнайы комиссия құрылды", - деп хабарлаған болатын ҚР ИДМ өкілдері.
Еске салайық, кеше, 17 маусымда сағат шамамен 14.00-де Жамбыл облысындағы Отар мен Шу станцияларының арасында төтенше жағдай болған еді. Мұның алдында үш вагонның рельстен шығып кеткені хабарланған болатын.