28 мау, 2019 сағат 13:19

Польшалық инвестор Арыс тұрғындарына тегін дәрі-дәрмек жібереді

Қазақстанның Польшадағы құрметті консулы Ежи Старак Арыс тұрғындарына гуманитарлық көмек жібереді, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Шымкенттегі «Santo-Химфарм» АҚ фармацевтикалық компаниясының негізгі инвесторы, Қазақстанның Польшадағы құрметті консулы Ежи Старак Арыста болған жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде Түркістан облысының ауруханалары мен емханаларына дәрілік заттар, төсек жабдықтары мен басқа да санитарлық-гигиеналық құралдарды тегін жіберіп, гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ жеке ақшалай қаражатты  қайырымдылыққа аударады», - деп мәлім етті ҚР-дың Польшадағы елшілігінен.

Дипломатиялық миссиядан атап өткендей, «Польфарма» концерні жетекші фармацевтикалық өндірушілердің бірі саналады. Ол қазіргі уақытта Қазақстанға 108 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған. Республикадағы барлық фармацевтикалық инвестицияның үштен бір бөлігін құрап отыр. Таяу уақытта поляк инвесторы инвестициялық салымның сомасын арттыруды жоспарлауда.