30 мау, 2020 сағат 15:01

Польшада Абайға арналған пошта маркасы шығарылды

Польшада Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған пошта маркасы шығарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім еткендей, пошта маркасын шығару жобасын ұлы ақынның мерейтойын мерекелеу аясында Қазақстанның Варшавадағы Елшілігінің бастамасымен «Почта Польска» АҚ жүзеге асырды.

Марканың таныстырылымы «Почта Польска» компаниясының орталық ғимаратында өтті. 

Қазақстанның Польшадағы Елшісі Әлім Қирабаев қазіргі ұрпақты адалдық пен әділеттілік қағидаларын басшылыққа алуға, сондай-ақ өз халқына қызмет етуге және білім беруге ұмтылуға шақырып, шабыттандыратын ұлы жазушының философиялық идеяларының және өлмес әдеби мұрасының өзектілігін атап өтті.

«Почта Польска» АҚ төрағасы Томаш Здзикота екі ел арасындағы филателия саласындағы жемісті және ұзақ мерзімді ынтымақтастығына тоқталып, ұлы қазақ ағартушысының бейнесі салынған пошталық маркасы филателисттер арасында үлкен қызығушылық тудырып, бірлескен сәтті жобалардың дәлелі болатынына сенім білдірді.

Іс-шара барысында Польша Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Департамент директоры Я.Хофмокл Абайдың шығармашылық мұрасының маңыздылығы мен ауқымын айта отырып, 2001 жылы Қазақстанға жасаған сапары кезінде Рим Папасы Иоанн Павел II-ші дәйексөз жасаған Абайдың «Қара сөздер» әйгілі әдебиет шығармашылығымен тындаушыларды танысуға шақырды», - деді ҚР СІМ-нен.

Абайдың 175 жылдығын мерекелеу аясында өткізілген іс-шара поляк аудиториясын Қазақстан халқының мәдени мұрасымен және рухани байлығымен таныстыруға жақсы мүмкіндік берді. 

Кездесу соңында Елші поляк тарапына поляк тіліндегі Абайдың «Қара сөздер» кітабының бірнеше данасын табыстады.