Алматы қаласының полиция департаменті журналист Шоқан Алхабаевтың митингіде дене жарақатын алу фактісі бойынша қызметтік тексеру басталғанын хабарлайды.
«Алматы қаласының Полиция департаменті өзінен жауапкершілікті алып тастамайды және аталған факт бойынша объективті тексеру жүргізуге кепілдік береді. Сонымен бірге жаппай тәртіпсіздік пен санкцияланбаған митинг туралы хабар таратқан кезде БАҚ өкілдерінің қауіпсіздік ережелерінің бар екеніне назар аудару керек. Бұл қағидалар журналистердің өздерінің қауіпсіздігіне бағытталған. Мұндай қарбалас кезде оның құжаттарын сұрамай, медиа өкілі екенін білдіретіндей сырт киімінде белгілер болу керек. Бұл туралы ІІМ басшылығы бірнеше рет айтты. Аталған жағдайда Шоқан Алхабаев белгі білдіретін кеудеше кимеген», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ведомство таратқан хабарламада митинг кезінде полиция өкілдерінің іс-әрекетінің қандай болу керек екені атап өтілген.
«Тағы айта кететін жайт, қоғамдық тәртіпті бұзғандардың арасында арандатушылар көп. Олардың қылмыстық әрекеттері басқа азаматтардың өмірі мен денсаулығына және қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіреді. Сондықтан тәртіпсіздікті басу кезінде ішкі істер органдарының бастапқы қатардағы міндеттері – қылмысқа бағытталған тұлғалардың әрекетін бейтараптандыру және бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», - делінген Алматы қаласы полиция департаментінің ресми хабарламасында.
Айта кетейік, сейсенбіге қараған түні Алматыда Төле би көшесі бойында полиция жасағы мен Ұлттық ұлан күші ондаған адамды ұстап жатқан жерде хабар таратып жүрген Tengrinews.kz сайтының тілшісі Шоқан Алқабаевқа полицияның күш қолданғаны туралы ақпарат тараған.