Фото: auto.24tv.ua
Полицейлер жолдағы жағдайға байланысты жүргізушілерге үндеу жасады.
Ақмола облысының Полиция департаменті өткен тәулікте екі мыңнан аса көлік құралын алып жүргенін хабарлады.
"Ауа райының нашарлауына байланысты Ақмола полицейлері түрлі бағыттағы автокөлік тізбегін алып жүрді және көлік құралдарының жүргізушілерімен тұрақты негізде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ауа райының нашарлауы кезінде 2019 автокөлік болған 13 тізбекті алып жүру ұйымдастырылды", - делінген облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Көліктер Астана – Петропавл, Щучинск – Зеренді, Көкшетау – Рузаевка, Степногорск – Ақкөл, Астана – Ерейментау – Шідерті бағыттарында бастап жүру арқылы қауіпсіз жерге шығарылған.
Сондай-ақ полицейлер 28 желтоқсанда Ақмола облысында қар, бұрқасын, көктайғақ түріндегі қатты жауын-шашын күтілетінін ескертті.
"Осыған байланысты полицейлер барлық көлік иелеріне жылдамдықты сақтауды, қозғалыс бағыттарын реттеуді, тіпті ұзақ сапарлардан бас тартуды ұсынады. Төтенше жағдайға тап болсаңыз, 112 бірыңғай жедел жәрдем нөміріне немесе 102 арнайы телефонына хабарласыңыз. Жүргізушілер хабарламаларды назардан тыс қалдырмаңыз", - дейді Ақмола облысының ПД өкілдері.