Фото: ашық дереккөз
Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі бойынша екі шетел азаматын іздеуге жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.
Соттың санкциясымен аталған тұлғаларға қатысты сырттай «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Іздеуге жарияланғандар — 1970 жылғы 27 маусымда туған, АҚШ азаматы Дмитры Дружинскы және 1985 жылғы 8 қарашада туған, Украина азаматы Марина Левкович (Гинзбург). Олар Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген.
Тергеу барысында «PIN-UP» және «PINCO» брендтерімен жұмыс істеген онлайн-казино қызметін шетелден басқарған адамдар тобы анықталған. Аталған тұлғалар байланысы бар компаниялар желісі арқылы заңсыз қызметті ұйымдастырған.
Д.Дружинскы мен М.Левкович координаторлық функцияларды атқарып, сыбайластарды іріктеумен, төлем ұйымдары мен екінші деңгейлі банктердің өкілдерімен өзара әрекеттесумен, сондай-ақ ақша қабылдау және шығару процестерін қамтамасыз еткен төлем инфрақұрылымын құруға қатысқан.
Заңсыз қызметті бүркемелеу мақсатында «PIN-UP.KZ» брендімен букмекерлік қызметті жүзеге асыруға мемлекеттік лицензия алған «Бонами» ЖШС құрылғаны белгілі болды. Сонымен қатар қаржылық сүйемелдеу үшін онлайн-казиноның төлем агрегаторлары қызметін атқарған «Gold Pay» ЖШС мен «Cyber Pay» ЖШС (кейіннен — «Pinnacle Financial Solutions» ЖШС) секілді төлем ұйымдарының желісі тіркелген.
Онлайн-казино клиенттерінен түскен қаражат транзиттік шоттарда жинақталып, кейін электрондық ақша операцияларына лицензиясы бар байланысты компаниялар арқылы криптовалютаға айырбасталған.
Қаржылық мониторинг агенттігі іздеуде жүрген тұлғалардың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат болған жағдайда, құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырды.
