Пигу салығы Қазақстанда баспана бағасын арзандата алады. Мұндай пікірді Қазақстан Президентінің Жолдауын талқылауға арналған жиында «Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамалар ұлттық орталығы» АҚ-ның вице-президенті Жақсылық Сәбитов білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бізде, Қазақстанда кейбір адамдар жылжымайтын мүлік саласында бір кіреберіске толықтай иелік етеді. Яғни, олар жылжымайтын мүлікті инвестиция ретінде қарастырады. Ал Батыста мұндай жоқ. Өйткені, сенің жылжымайтын мүлкің көп болса, салықты да көп төлейсің», - деді ол.
Осы орайда сарапшы еліміздің жылжымайтын мүлік саласына Пигу салығын енгізу қажет деп санайды.
«Пигу салығының түпкі мәні де сонда. Жылжымайтын мүлкің көп болған сайын салықты да молынан төлейсің. Егер Пигу салығын біздің жылжымайтын мүлік саласына енгізетін болсақ, онда баспана бағасы 15-20 пайызға құлдырар еді. Өйткені, бір кіреберісті толығымен иелік етіп отырған олигархтар экономикалық тұрғыда тиіміз болғандықтан сатуға мәжбүр болар еді», - деді Жақсылық Сәбитов.
1877-1959 жылдары аралығында өмір сүрген ағылшын экономисі Артур Пигудың құрметіне орай Пигу салығы деп аталған салық түрі қоршаған ортаға теріс әсерлерді қысқарту үшін қолданылған.