21 шіл, 2025 сағат 15:50

Петропавлда интернет-алаяқтықпен күрестің жаңа тәсілі 7 миллион теңгені сақтап қалуға мүмкіндік берді

Фото: Polisia.kz

Петропавл қаласында интернет-алаяқтыққа қарсы күресте енгізілген жаңа алгоритм тиімділігін дәлелдеді. Бір апта ішінде полиция мен жекеменшік күзет қызметкерлері зейнеткерлердің қаражатын ұрламақ болған бірнеше әрекеттің алдын алып, жалпы сомасы 7 миллион теңгеден астам қаражатты сақтап қалды, деп хабарлайды Ult.kz.

Жаңа тәсіл Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті басшылығының бастамасымен енгізілген. Енді қаладағы сауда және ойын-сауық орталықтарында кезекшілік атқаратын полиция мен күзет қызметкерлері банкомат маңындағы жағдайды бақылап, әсіресе телефон арқылы сөйлесіп, алаңдаулы күйде ақша аударуға тырысып жатқан егде жастағы адамдарға ерекше назар аударады.

Алаяқтықтың кең таралған схемаларының бірі – «Сіздің атыңызға несие рәсімделді», немесе «Анашым, мен жол апатына түстім» деген желеумен зейнеткерлерді қорқытып, ақша аудартуға итермелеу. Мысалы, сауда орталықтарының бірінде полиция қызметкері банкомат жанындағы 74 жастағы әйелдің қимылынан күдік байқап, араласады. Зейнеткерге өзін банк қызметкері ретінде таныстырған адам хабарласып, атынан несие рәсімделгенін айтып, оны тоқтату үшін ақшаны «қауіпсіз» шотқа аударуды талап еткен. Уақтылы араласудың арқасында 500 мың теңге алаяқтардың қолына түспей қалды.

Дәл осындай оқиға 75 жастағы тағы бір тұрғынның басынан өткен. Белгісіз біреу өзін ұлы, кейін немересі ретінде таныстырып, шұғыл ақша керектігін айтқан. Күзетші жағдайды дер кезінде байқап, полиция шақырған. Тәртіп сақшылары келгенше зейнеткер банкомат арқылы ақша аударуға әрекеттеніп жатқан.

Үшінші жағдайда егде жастағы ерлі-зайыпты азаматтар 6 миллион теңгеден айырылып қала жаздады. Оларға да несие рәсімделді деген хабарлама келіп, телефон арқылы сендірілгені соншалық – зейнеткерлер бастапқыда тіпті полицияға сенбеген. Олар 1,5 миллион теңгені аударып үлгергенімен, полицейлердің түсіндіру жұмысы нәтижесінде қалған 4,5 миллион теңге аман қалды.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 270-тен астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген, бұл өңірдегі барлық қылмыстың төрттен біріне жуығын құрайды.

СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, енгізілген алгоритм тиімді нәтиже көрсетуде. Алдағы уақытта бұл әдісті жетілдіру, кеңейту және азаматтарды қорғауда ерекше көзге түскен қызметкерлерді ынталандыру жоспарланып отыр.

Полиция тұрғындарға ескерту жасайды: жасы үлкен туыстарыңыз, көршілеріңіз немесе таныстарыңыз банкоматқа барғанда жалғыз болмауын қадағалаңыздар. Оларға алаяқтардың жиі қолданатын әдістерін түсіндіріп, сақтыққа шақырыңыздар. Ең маңыздысы – асықпай, үзіліс жасап, ақпаратты нақтылау үшін туыстарыңызға, банкке немесе бірден «102» нөміріне қоңырау шалу қажет.