01 мау, 2024 сағат 21:22

Педиатрия орталығында Балалар күні атап өтілді


Бүгін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, қатерлі дертке және сирек кездесетін ауруларға шалдыққан балалар үшін «Бар мейіріміміз балаларға!» атты мерекелік шара өтті.

Айтулы мерекеге арналған шараны Педиатрия орталығының Басқарма төрағасының ғылыми және инновациялық қызметтер жөніндегі орынбасары Лязат Манжуова ашып, барша қауымды келе жатқан Балалар күнімен құттықтады. Жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін Балалар мерекесімен сонымен қатар, ПБХҒО республикалық Балалар онкологиясы және гематология орталығының жетекшісі Гүлнар Әбділова, «Халық» қайырымдылық қорының директоры Бағынбек Шункеев, Мақан Есболатов атындағы Ішкі істер министрлігі Академиясының өкілі Индира Шамшиева құттықтап, ақжарма тілектерін білдірді.

Мерекелік шара «Мәрмәр» өнер орталығы оқушыларының орындауындағы күмбірлеген күймен ашылды. Мерекеге Ұлы Абай өңірінің белгілі әншілері  Дастан Қалиқанұлы, Болатбек Ысқақ, Шынболат Ұзақбай, Еркебек пен Әлия Әукеновалар арнайы қатысып, ән шашуларымен балаларға мерекелік көңіл-күй мен қуаныш сыйлады. Педиатрия орталығында ем алып жатқан балаларды қолдауға «Melisa Brand» студиясының әншісі Әзиза Нұрбақытқызы, «Киндер» хореографиялық ансамблі  мен «Baglan Abdraim» өнер орталығының жас өнерпаздары да келіп, өз өнерлерін паш етті. Көпшілікті Мақан Есболатов атындағы Ішкі істер министрлігі Академиясы курсанттарының өнері тәнті енті. Олардың орындауында патриоттық әндер шырқалып, арнайы флешмоб көрсетілді.

Балалар үшін түрлі мөлтек фильм кейіпкерлерімен фотосессиялар ұйымдастырылды. Қазақстандық қор биржаның демеушілігімен келген  аниматорлар бүлдіршіндердің көңілін көтеріп, түрлі ойындар ойнады.

Мерекелік шара соңында демеушілер тарапынан барша балаға сыйлықтар таратылды.

Шара барысында Педиатрия орталығының №2 онкогематология бөлімінде ем  алып жатқан балалардың ата-аналары сөз сөйлеп, барша демеушілерге алғыстарын білдірді.

Педиатрия орталығында ем алып жатқан барлық балаға зор денсаулық, мол бақыт, бақытты балалық шақ, қуаныш пен шаттыққа толы жарқын өмір тілейміз! Балалар мерекесі құтты болсын!

Ауыр дертке шалдыққан балаларға мереке, қуаныш сыйлап, аты жаман ауруды жеңуге деген сенім ұялатуға ұмтылған шараның психологиялық көмегі зор деп білеміз.

Бұл тарапта мерекелік шараға атсалысқан барша демеушілерге алғысымызды білдіреміз! Биыл балалар үшін мереке Қазақстан қор биржасы, «Амила»,  «Халық» қайырымдылық қорлары, ҚР Ішкі істер министрлігі  Академиясы,  «Сoсa Соlа» және т.б. компаниялардың демеушілігінің арқасында өтті.