Еңбек нарығын теңестіру бағытында қолға алынған мемлекеттік жоба бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданына павлодарлық делегация келді.
Лебяжі, Железин аудандарының басшылары мен жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің өкілдері мырзашөлдіктерге жобаның тиімді тұстарын айтты. Солтүстік облыстарда белсенді еңбек етуге шақырды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.
Бос жұмыс орындары Шарбақты аудандық орталық ауруханасы мен білім ұяларынан да ұсынылды. Жалпы, жиын оқу орнын бітіріп, жұмыс таба алмай қиналған жастар мен жас отбасыларға тиімді болды. Павлодарлық делегация ондағы мектептерде тіпті, оқушы да тапшы екенін жасырмады. Мәселен, 11-ші сыныпты бітірген түлектердің өзі Ресей асып, сол жақтың жоғары оқу орындарына түсіп жатыр. Қайтып келуге де құлық танытпайды екен. Сондықтан солтүстік облыста игеретін іс те, жер де жетеді. Баспана да қымбат емес. 200-800 мың теңгенің аралығында, - деді бөлім басшылары.
«Біз мұнда жас мамандарды шақыруға келдік. Өйткені, бізде ағылшын тілі мұғалімі, математика, қазақ тілі, тарих пәндерінің мұғалімдері мен тәрбиешілер жеткіліксіз. Сондықтан, біздің ауданда келген кісілерді қуана күтеміз. Әр мұғалімге үй беріледі. Ол орындарға жанұямен келе ме? Сол жанұяларына әр кісінің өзіне көмек көрсетіледі. Ол кісілерді апарғаннан кейін түгел жағдайларын жасаймыз», - деді Ақтоғай аудандық білім бөлімінің бас маманы Салтанат Сыздықова.
Жалпы, еңбек нарыыығын теңестіріп, солтүстік облыс халқын 5 миллионға жеткізу - алдағы 20 жылдың межесі. Бұл бағытта мемлекеттен қолдау көп. Жол шығыны, жатын орын - бәрі қарастырылған. Сол мақсатта солтүстік облысының делегация мүшелері аудан, ауылдарды аралап, жас мамандарды жұмысқа шақыруда.