21 қар, 2017 сағат 12:48

Павлодардағы Ленин көшесі Астана болып өзгерді

Павлодардағы Ленин көшесінің атауы Астана деп өзгерді. Осындай шешім бүгін қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz агенттігіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, көше атауын өзгерту туралы ұсыныс өңірдің зиялы қауым өкілдері тарапынан түсті. Кейін жауапты мемлекеттік органдардың қарауына жіберілді. Нәтижесінде заңнама негізінде алдымен қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Жиынға келгендердің көбі қолдау білдірген болатын. Олардың қатарында Павлодар қаласының құрметті азаматы, өлкетанушы Эрнест Соколкин де болды.

«Астана дүниежүзі мәдениеті мен өркениетінің орталығына айналды. Сондықтан Астана атауын еліміздің қалаларында қолдану заман талабы ғой. Әр қалада Астана көшесі болу керек», - деді Эрнест Соколкин.

Бүгінгі таңда бұл көшенің бойында 200-ге жуық нысан бар. Сала мамандарының айтуынша, көше атауын өзгертуге 300 мың теңгеден астам қаражат керек.

«Бұған дейін қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылып, халықтың пікірі тыңдалды. Шара нәтижесінде жиынға келгендердің басым бөлігі қолдау білдірді. Біздің тарапымыздан, мемлекеттік орган бұл ұсынысты бүкіл заңнамаға сәйкес мәслихаттың қарауына ұсынып, Павлодар қаласында халықтың пікірі ескеріле отырып, көпшілік тыңдаулар өтті», - дейді Павлодар қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Самал Бегалинова.

Ленин 1919 жылға дейін Владимир көшесі деп аталған. Қаланың ескі бөлігінде Торайғыров және Маяковский көшелерінің аралығында орналасқан. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы көпес үйлері сақталып, кейіннен «Ударник» және «Колос» кинотеатрлары, ветзоотехникум тағы басқа маңызды мекемелер орналасқан. Көше ұзындығы – 4 шақырымға жуық.