23 жел, 2025 сағат 14:10

Павлодарда такси жүргізуші зейнеткерді алаяқтардың арбауынан құтқарып қалды

Фото: Polisia.kz

Павлодар облысында қырағы такси жүргізушінің арқасында зейнеткер әйел ірі алаяқтықтан аман қалды, деп хабарлайды Ult.kz.

Павлодар қаласының тұрғыны өзіне энергоорталық қызметкеріміз деп таныстырған алаяқтардың арбауына түсе жаздады. Олар есептегішті тексеру және пломбалау қажет екенін айтып, әйелді жіберілген сілтемелер арқылы 8,5 млн теңге аударуға көндірмек болды. Кейін тағы бір белгісіз тұлға өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, қаражатты «қауіпсіз шотқа» аудару керектігін айтты.

Алайда жоспар жүзеге аспай қалды: такси жүргізуші Алексей Бортовой әйелдің күмәнданғанын байқаған соң оны полиция пунктіне апарды.

«Кешкі уақытта маған бір “сәлемдемені” алып кету жөнінде тапсырыс түсті. Барсам, жөнелтуші жасы үлкен әжей екен. Не беріп жатқанын, кімге тапсыратынын сұрағанымда нақты жауап бере алмады. Күдіктеніп, әжіні таксиге отырғызып, полицияға апардым», — дейді жүргізуші.


Қаражат сақталып қалды, ал полиция қазір күдіктілерді іздестіруде. Павлодар облысы полициясы азаматтарды сақ болуға шақырады: ешбір мемлекеттік орган немесе банк қаражатты «сақтауға» алмайды және курьер жібермейді.