Фото: видеодан скриншот
Қостанай облыстық ауруханасының хирургі Антон Кистанов пациенттің шабуылынан кейін ауыр жағдайда Астанаға санавиация арқылы жеткізілді, деп хабарлайды Ult.kz.
Дәрігер күрделі отадан кейін қабылдау бөліміне түсіп, кезекті науқастарды қабылдап жатқанда, бөлімшедегі бір пациент оған шабуыл жасаған. Оқиға салдарынан дәрігер есінен танып, реанимацияға түсті.
Дәрігерге «мидың ауыр дәрежедегі соғылуы, миға қан құйылу, бас сүйегінің жабық сынуы» диагнозы қойылды. Медициналық консилиум қорытындысымен ол Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізіліп, мамандандырылған көмек алуда.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, медицина қызметкерлеріне қатысты шабуылдардың жиілеуіне байланысты қабылдау бөлімдері мен перинаталдық орталықтарға тәулік бойы полиция бекеттерін қою туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, қыркүйекте Парламентке дәрігерлерге жасалған шабуыл үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық өзгерістер ұсынылады. Министрлік медицина мекемелерін бейнебақылау, дабыл түймелерімен және жедел жәрдем бригадаларын бейнежетондармен жабдықтауды жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта дәрігерге қол көтерген азаматқа қатысты тергеу жүріп жатыр.
