12 ақп, 2026 сағат 14:34

Пәтерінде интернет-алаяқтарға арналған техникалық торап ұйымдастырған 22 жастағы рудныйлық ұсталды

Фото: Polisia.kz

Қостанай облысында 22 жастағы Рудный қаласының тұрғыны интернет-алаяқтарға арналған арнайы техникалық торапты пәтерінде ұйымдастырды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Ult.kz.

Полиция мәліметінше, күдікті бір мезгілде түрлі байланыс операторларының көптеген SIM-карталарын пайдалануға мүмкіндік беретін SIM-box құрылғысын қолданған. Мұндай жабдық телефон нөмірлерін алмастыруға және интернет арқылы алаяқтық қоңыраулар шалуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қоңыраулар қазақстандық нөмірлерден түскендей болып көрінеді.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында байланысқа арналған техникалық құралдар тәркіленген. Олардың қатарында ұялы телефондар, SIM-карталар, интернет-роутер және бейнебақылау жүйесі бар.

Алдын ала деректерге сәйкес, аталған құрылғылар интернет-сервистер арқылы келіп түсетін қоңырауларды қабылдап, өңдеу үшін пайдаланылған.

Тергеу нұсқасына сай, ұсталған азамат мессенджерлер арқылы байланысқа шыққан белгісіз тұлғалардың нұсқауын орындаған. Олар заңсыз схеманы ұйымдастырып, оның әрекетін үйлестіріп отырған.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.