- Бүгінде кейбір астаналықтар өз пәтерлерін, болмаса, үйдің бөлмелерін жалға беріп отырған азаматтарды уақытша тіркеуге алуға асықпайды. Себебі одан кейін қосымша салық пен коммуналдық төлемдерді төлеуге тура келеді деп ойлайды. Осыған байланысты біреулер пәтер жалдайтындарға өз туыстарының үйіне уақытша тіркелуді сұраса, енді біреулер жалға беріп отырған бөлмелерін мүлдем босатуды көздейді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Иә, xалық арасында сондай бір сыбыс тарап жүр. Пәтер жалдап отырған азаматтарды да уақытша тіркеуге алса, үйдің салығын, тіпті коммуналдық төлемдердің мөлшері де өседі дейді. Өзім нақтысын білмедім. Бірақ жалға беріп отырған екі бөлмем бар. Қазір үйдегілермен ақылдасып жатырмыз. Бәлкім, екі бөлмені де босатып, жалға беруді мүлдем доғаратын шығармыз. Бірақ одан кейін ипотеканың ақшасын қалай шығаратынымызды білмей отырмыз», - дейді Дария есімді Астана қаласының тұрғыны.
Еуразия ұлттық университетінің «паспорт үстелінде» істейтін Майра Мұсабекова да кейбір астаналықтардың пәтерді жалға беріп жатқан азаматтарды уақытша тіркеуге алмай отырғанын растап отыр. «Бүгін ғана маған бір қызметкеріміз келіп кетті. Өзі жалдамалы үйде тұрады. Иесі уақытша тіркеуге алғысы келмей, жұмыс істейтін университетке барып тіркеліп кел депті», - дейді М.Мұсабекова.
Ал елордада пәтер жалдап жүрген Азамат есімді жас жігіттің айтуынша, үйдің иесі одан туған-туыстарының үйінде уақытша тіркеуге тұруды өтінген.