Фото: © REUTERS/Benoit Tessier
Франция БАҚ өкілдері Олимпиадаға қатысу үшін Парижге келген бірнеше спортшы Олимпиада ауылында азық-түлік жетіспейтініне шағымданғанын жазады, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат" BBC-ге сілтеме жасап.
l ' Équipe газеті жазғандай, жарысқа қатысушылар сәрсенбіде олимпиадалық асханада таңғы ас кезінде ұсынылатын жұмыртқа мен қуырылған ет бәріне бірдей жете бермейтінін айтты.
Sodexo LIVE компаниясы Олимпиадалық ауылда тамақтануды ұйымдастыру тендерін жеңген. Ол кейбір өнімдерге "өте жоғары сұраныс" болғанын мойындады және "спортшылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін" жеткізілетін азық-түлік көлемін арттыруға уәде берді.
Олимпиадалық және Паралимпиадалық ойындарды өткізу кезінде Олимпиадалық ауылдың асханасында барлығы 13 миллионға жуық таңғы ас, түскі және кешкі ас беріледі.
"Бастапқыда жоспарланған көлемдерді ұлғайту үшін қайта қарау ұсынылды", — деп растады олимпиадалық ауылға жаңа азық-түлік жеткізуге жауапты Carrefour супермаркеттер желісінің өкілі.
Айта кетейік бұл компанияға 208 елден жиналған 15 мың спортшыны, сондай — ақ оларды сүйемелдейтін қолдау топтарын, ресми делегациялар мүшелері мен еріктілерді азық-түлікпен қамтамасыз ету жүктелген.
Спортшыларға алты негізгі аспаздық бағытты таңдау ұсынылады (Француз, Азия, афро-Кариб теңізі тағамдары және т.б.), барлығы 500-ге жуық түрлі тағамдар бар, олар әртүрлі гастрономиялық талғамдарды қанағаттандыруға арналған.