09 там, 2024 сағат 11:25

Парижде екі бірдей өзбек спортшысы бір күнде екі дүркін олимпиада чемпионы атанды

Фото: olympic.uz

Париж олимпиадасында екі өзбек спортшысы бір күнде екі дүркін олимпиада чемпионы атанды.

Өзбекстандық олимпиада чемпиондары Улугбек Рашитов пен Хасанбой Дусматов Парижде өтіп жатқан олимпиада ойындарында екінші рет жеңістің ең биік тұғырына көтеріліп, екі дүркін олимпиада чемпионы атағына ие болды. Таеквондошы Улугбек Рашитов 68 келіде қарсылас шақ келтірмей, финалда иорданиялық Заид Каримнен басым түссе, 51 келідегі Хасанбой Дусматов та финалда француз боксшысы Билал Беннама 5:0 есебімен айқын жеңді. Осылайша Улугбек Токиодағы жетістігін қайталаса, Хасанбой Риодағы нәтижесіне қайта қол жеткізді.

Сөйтіп Өзбекстан құрамасы жалпы командалық есепте 3 алтынмен бірден 18-орынға көтерілді. Бірақ олардың әлі төрт боксшысы олимпиаданың алтын жүлдесі үшін айқасады. 

Айта кетейік, әзірше Қазақстан қоржынында Париж олимпиадасының 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлдесі бар. Жалпы командалық есепте құрамамыз 31-орында тұр.