11 там, 2024 сағат 18:03

Париж Олимпиадасының соңғы күні: Қазақстандық спортшылардың нәтижесі қандай?


Фото: ХОК баспасөз қызметі


Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан 2024 жылғы Олимпиадалық ойындарда қазақстандық спортшылар жарысты толық аяқтады.


Еркін күресте Әлішек Ерғали (97 келі) жұбаныш белдесуінде бүгін сынға түсті. Бұл бәсекеде қазақстандық балуан ирандық Амир Али Азарпирге есе жіберді. Салдарынан ол қола жүлдеге қол жеткізе алған жоқ. Осылайша ел құрамасынан соңғы болып жарысты аяқтады. 


Айта кетсек, Париж Олимпиадасында қазақстандықтар 25 спорт түрінен 92 жолдамаға ие болған еді. 

Ел құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медальмен әзірше 41орынға тұрақтап тұр.


Алтын жүлдені Олимпиаданың алғашқы күні ел қоржынына дзюдодан 60 келі салмақта Елдос Сметов сыйлаған болатын.
Ал күміс жүлдені спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов, грек-рим күресінен 77 келі салмақта Демеу Жадыаев және бокстан 80 келі салмақта ел намысын қорғаған Нұрбек Оралдай жеңіп алды.
Қола медальдарды нысана көздеуден командалық жарыста Ислам Сатпаев пен Александра Ле (тапаншамен 10 метрден ату), дзюдодан 66 келі салмақта Ғұсман Қырғызбаев және әйелдер боксынан 51 келі салмақта ел намысын қорғаған Назым Қызайбай жеңіп алды. 


Париж Олимпиадасы бүгін мәресіне жетеді. Салтанатты жабылу рәсімі Астана уақытымен 23:00-ге жоспарланған.

Ойындардың жабылуын тікелей эфирден 23:15-те JIBEK JOLY, Qazaqstan, Qazsport және Хабар телеарналарында көруге болады.