15 там, 2024 сағат 11:23

Париж Олимпиадасы жүлдегерлерінен коронавирус анықталуына байланысты президентпен кездесу кейінге шегерілді

Фото: Ақорда

Тоқаев Париж Олимпиадасы жүлдегерлерінен коронавирус анықталуына байланысты, кездесуді кейінге қалдырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлидің сөзінше,Тоқаев Ұлттық құрама мүшелерімен 15 тамызда кездесуді жоспарлаған. 

"Мемлекет басшысы 14 тамызда Париж Олимпиадасының жүлдегерлері мен бапкерлер құрамын мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Президент Ұлттық құрама мүшелерімен бүгін кездесуді жоспарлаған еді. Өкінішке орай, атлеттер мен жаттықтырушылардың жартысынан коронавирус инфекциясы анықталды. Сол себепті кездесу кейінге шегерілді. Спортшылар мен бапкерлердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз", – деді Берік Уәли.


Сондай-ақ ол мемлекет басшысы Олимпиада жүлдегерлерін міндетті түрде қабылдайтынын жеткізді. Кездесу тамыз айының соңына жоспарланған екен.