Фото: Паралимпиада комитеті
Париждегі Паралимпиада ойындарында Давид Дегтярев пауэрлифтингтен алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Дегтярев – Қазақстан тарихындағы екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанған тұңғыш спортшы. Қазақстандық параспортшылар елімізге үшінші алтынды әкелді.
Спортшы 54 келіге дейінгі салмақта бақ сынасты. Паралимпиада ойындарында бұл салмақ бойынша 10 спортшы қатысты. Дегтярев финалда үздік нәтиже көрсетті. Ол 188 келі штанганы көтерді. Кубалық Пабло Рамирес Барриентос (185 келі) күміс, қытайлық Ян Цзинлан (179) қола жүлдені жеңіп алды.
Давид Дегтярев – 28 жаста, Ақмола облысы Атбасар қаласының тумасы, 2017 жылдан бері халықаралық жарыстарға қатысып келеді. Ол екі паралимпиада жеңісінен бөлек, Азия ойындарының чемпионы және екі дүркін әлем чемпионы.