28 там, 2021 сағат 15:12

Паралимпиада-2020: Тағы бір қазақстандық дзюдошы күміс медаль алды


Токиода өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында қазақстандық парадзюдошы Теміржан Дәулет күміс медальға ие болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Отандасымыз 73 келі салмақта сынға түсті. Ол финалда өзбекстандық Феруз Саидовпен шеберлік байқасқан. Жекпе-жек барысында Теміржан қарсыласының осал тұсын табуға тырысты. Дегенмен қарсыласына иппон әдісімен жол беріп қойды. 

Теміржан жартылай финалда грузин Георгий Калданиден айласын асырып, қарсыласын иппонмен жеңді. 

Айта кетейік, бұдан бұрын ел құрамасынан пауэрлифтинг шебері Давид Дегтярев чемпион атанса, парадзюдошы Әнуар Сариев күміс жүлдегер болды. 

Ал, 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Паралимпиада ойындарында Зүльфия Габидуллина еркін әдіспен 100 метрге суға жүзуден чемпион атанды. 

Сол жолы тағы бір қазақстандық Раушан Қойшыбаева пауэрлифтингтен әйелдер арасында 67 келіде екінші орын алды. 

Токио Паралимпиадасы 24 тамызында басталды, ол 5 қыркүйекте мәресіне жетеді. Жарыста еліміздің атынан барған 26 спортшы спорттың 7 түрінен сынға түсуде.