Токиода өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында Қазақстан командасы алғашқы "алтынын" иеленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Оlympic.kz-ке сілтеме жасап.
Пауэрлифтингтен ерлер арасында 54 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Давид Дегтярев Паралимпиада чемпионы атанды.
Ол өзінің үздік нәтижесінде 174 келіні көтеріп, алтын медаль жеңіп алды.
Бұл салмақта француз Бурлон Аксель (165 кг) «күміс» жүлдеге ие болса, «қола» жүлде грек Бакочристос Димитриоске (165 кг) бұйырды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Паралимпиада ойындары аясында бірінші марапатқа ие болды.
Давид Дегтярев 1996 жылы Ақмола облысының Атбасар қаласында дүниеге келген. Ол пара пауэрлифтингпен 2016 жылдан бері айналысқан. Жеке жаттықтырушысы - Колесников Юрий Николаевич. 2021 жылы Тблисиде өткен Әлем Кубогінде 185 кг-ға дейін салмақ көтеріп, Азия рекордшысы болды.
Айта кетсек, Қазақстан тарапынан 26 параспортшы 7 спорт түрі бойынша қатысып, ел намысын қорғайды. Паралимпиада ойындары 2021 жылдың 24 тамызынан – 5 қыркүйек аралығында Токиода өтіп жатыр.