27 мам, 2020 сағат 09:39

Пандемияға байланысты мұнай өндіруді төмендеттік – Энергетика министрі

Әлемге таралған коронавирустың өршуі энерго ресурстарға айтарлықтай әсер етті. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев халық алдында есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының жарлығымен өткен жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі құрылды және Энергетика министрлігінің қоршаған ортаны қорғау саласындағы функциялары мен өкілеттіктері жаңа құрылған министрлікке ауысты. Қазіргі таңда Энергетика министрлігінің қызметі келесі стратегиялық бағыттарға жіктеледі: мұнай және газ саласын дамыту, тратегиялық бағыттарды жүзеге асыру, электр энергеткасы, атом энергеткасы, жаңартылған энергия көздерін пайдалану салалары. Әлемге таралған коронавирустың өршуі энерго ресурстарға да айтарлықтай әсер етті. Біз де өзіміздің жылдық жоспарымызды әлемде қалыптасқан жағдайға сәйкес реттеп, біраз түзету енгіздік», - дейді ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев

Ол мұнай өндірісіне тоқталып өтті.

«Біріншіден, 2019 жылы мұнай өндіру 90,5 млн тоннаны құраған болатын. Алайда мұнай бағасының құбылмалығы және пандемия кезінде әлемдік экономиканың тұрақсыз даму жағдайында биыл мұнай өндіру жоспарын 86 млн тоннаға, яғни 4,5%-ға төмендеттік», - дейді ол.