30 қар, 2017 сағат 10:29

Озық елден үйренеріміз көп

Финляндия – бiлiм беру саласында кереметтей жетiстiктердi бағындырған ел. Халқының саны шамамен 5 млн. адамды құрайтын елдiң бiлiм беру iсiндегi басты ерекшелiгi – үздiксiз бiлiм берудi жолға қойған. Мұнда бiлiм жүйесi бiздегiдей үш сатыдан тұрады. Бiр-бiрiмен тығыз әрiптестiк байланыс орнатқан мектептер елдегi қолданбалы университеттердiң мүмкiндiгiн молынан пайдаланады. Яғни оқушының жан-жақты қалыптасуына барлық жағдай қарастырылған. Сондықтан өзге мемлекеттер жиi қызығушылық танытатын Фин елiнiң бiлiм саласындағы жетiстiгi «Бiздiң болашағымыз – жастардың қолында» деген ұзақ мерзiмдi саясатқа негiзделген.

Жалпы, қай саты болмасын, бiлiм саласына мемлекеттiң қолдауы жоғары. Өздерi мұндай озық жүйенiң қалыптасуын ұзақ мерзiмдi саясаттың жемiсi деп бағалайды. Өйткенi, ондаған жылдар бойы бiлiм саласын дамыту ұлттық басымдықтардың бастауында тұрды. Жағалауын су шайып жатқан фин елiндегi бiлiм саласына айрықша тоқталып жатқанымыз бекер емес. «Мың естiгеннен бiр рет көрген артық» демекшi, таяуда Финляндияның Хямеелинна және Юваскуля қалаларында екi ай тағлымдамадан өтудiң сәтi түстi. Атап айтар болсақ, «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында сондағы ХАМК университетiнiң шақыруымен шымкенттiк 9 ұстаз фин елiнде бiлiктiлiгiмiздi шыңдап қайттық.

Екi ай бiлiм жетiлдiрумен қатар тарихы терең елдiң бүгiнгi саяси ұстанымы мен бiлiм беру iсiндегi тың тәжiрибелерiмен танысуға мүмкiндiк туды. Сол екi айда олардың қазақ елiн дамуға бастайтын бiрегей жобалар мен ұлт руханиятына қатысты бастамалардың өмiршеңдiгiн қуаттаған ерекше пейiлiн аңғардық. Мұның бiр айғағы ретiнде Қазақстанның Финляндиядағы елшiлiгiнiң бастамасымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын түсiндiру мақсатында өткен келелi жиынды атап өтуге болады. Басқосуға Астана қаласынан «Нұр Отан» партиясының арнайы өкiлдерi келiп, алыстағы ағайынға маңызы ерек мақаланың мәнiн айшықтады. Тiлi бөлек, дiнi бөлек екi ел өкiлдерiнiң ұлт руханияты тұрғысындағы ойларының бiр арнаға тоғысқанын көрдiк. Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясында көзделген жаңаша бiлiм беру моделi төңiрегiнде де қызу пiкiрлер өрбiдi. Расында, бүгiнгi заман бiлiмдiлердiң бәсекелi заманы екенiн финдер дәлелдеп отыр. Өйткенi, оларда адамның «ақыл-ойына» күш салады. Сол арқылы әр адамның еңбек етуге деген мүмкiндiгiн екшеп, қалауынша белгiлi бiр кәсiпке бейiмдейдi. «Әйтеуiр, оқысам болды» деген бiздегi қасаң көзқарас оларға жат. Елбасы фин елiне жасаған бiр сапарында: «Финляндиямен қарым-қатынас Қазақстан үшiн аса қажет. Себебi, бұл ел әлемде өзiндiк орны бар, бiлiм-ғылым саласында, инновация бағытында алдыңғы қатарлы мемлекеттердiң бiрi. Егер бiз бәсекеге сай ел болғымыз келсе, Финляндияның жүрген жолымен өтiп, тәлiм-тәрбие алғанымыз өте пайдалы» деген едi. Елбасы айтқан ақиқатты көзбен көрiп, бiлiм беру iсiндегi озық тәжiрибелердi көңiлмен түйсiнiп қайттық. Ендiгi мақсатымыз – оқыған-тоқығанымызды бiздегi жүйемен ұштастырып, тәжiрибеге ендiру. Сондықтан осындай сапарға мүмкiндiк берген Шымкент қалалық бiлiм бөлiмiне айтар алғысымыз мол.

Сәуле МАМЫТБАЕВА,

Қазыбек би атындағы №36 жалпы орта мектебiнiң директоры.

Шымкент қаласы.