07 қаз, 2016 сағат 08:25

Өзiңнен тумай ұл болмас

Ел намысы таразыға тү­сер жерде белдесер жiгiт шықпаса, ел иесi ақсақалдар “Уа, жұртым, қазақта қалжа жеген қатын жоқ па” деп қатты назаланған екен. “Өзiңдi-өзiң сыйласаң, жат жанынан түңiлер”, “Қой асығын қорлама, қолайыңа жақса сақа қой” деген даналықты ту етiп ұстаған ата-бабамыз кезiнде қытайдан не қалмақтан, орыстан не қырғыздан жiгiт сатып әкеп намысын қорғатпаған.

Қа­зiргi қазақ спортына қарап отырып, қазақтың намысын қазақ, тiптi болмаса осы елде туып-өскен спортшылар ғана қорғар күн қашан туар екен деп күйiнесiң. Расында қазақта қалжа жеген қатын жоқ па? Ел намысын қорғайтын атан жiлiк азамат туатын ана қалмағаны ма? Олай болса, кешегi Қажы­мұқан, Балуан Шолақ, Мәдилер, бүгiнгi Серiк, Жақсылық, Әмин, Дәулет, Ермахан, Бекзат, Илья, (Ильянi мен ешуақытта бөтенге санамаймын. Ол жанымен, жү­регi­мен қазақ) Жасұландар қайдан шықты? Күнi кеше өткен Рио Олимпиадасына Қазақстан атынан 14 жалдамалы қатысыпты. 14 алтын әкелдi ме? Жоқ. Сол 14 жалдамалының орнына 14 өзi­мiздiң елде өсiп-өнген спортшы барса қалай болар едi? Бүгiн жеңiске жетпесе ертең жетер едi ғой. Сол жалдамалыларға кеткен қыруар ақшаны аямай жұм­сап өз жүйрiгiмiздi неге баптамаймыз?

Министрден бастап, спорт саласының басшылары жеңiмпаздың жанына үймелей кетуге шебер. Бiрақ сол спортшының тұғыр­ға дейiнгi жолына, өсу, дайындалу, жаттығуына үңiлiп, зерттеп көрдi ме екен? Болашақ спортшылар қайда жаттығып жатыр, не жеп, не iшiп жүр, тамағы қандай, бапкердiң күйi қандай? Бұл мәселеге олар бас қатырмайды. Бар тындыратыны – анда-санда тексере­дi. Тексеру келе жатыр дегеннен-ақ жасанды жасыл шыршалар орнатылып, қалы кiлемдер төселiп, аспаздар өмiрi кимеген киiм киiп, оқушылар үйретiлiп, тамақ мәзiрi өзгертiлiп, сөйлейтiн бiр-екi адамды дайындап... Болды. Дайындап қойған бiр-екi спортзал болады. Тексерушiнi соған апарады. Ал ана сасық, кiр, лас жертөлелерде жаттығып жат­қандарды, әрине, тексерт­пейдi.

Әр министр өзi тұрған кезде қандай жолмен болсын көзге түсiп, жетiстiкке жетiп қалуды ойлайды. Өзi кеткен соң “бүл болмаса, күл болсын”. Қазақтың болашағын ойламайды. Сол үшiн де басқа мемлекеттiң даяр спортшысын қыруар ақшаға, ел қаржысына, ха­лық қалтасына сатып ала салады. Ол жеңiске жете қалса, көк туға орап, өтiрiк әнұран айтқызып әлек. Мiне, өстiп елдi алдап келе жатыр.

Қазiргi мәдениет және спорт министрi қазаққа жаны ашитын болса, алдымен қазақтың намысын қазаққа қорғатуы керек. Бүгiн келiп бәйге алып, ертең тайып тұратын келiм­секке емес.

Спорт мектептерiндегi жас спортшылардың жағдайына көңiл бөлiнуi керек. Қазақтың болашағы солар. Бүгiнгiнi емес, болашақты ойлауымыз керек. Тамағы құнарлы ма, жатқан жерi жай­лы ма, жаттығу залы жарық, кең, күн сәулесi тү­сетiн, таза ауа кiретiн жер ме? Заманауи жаттығу құ­ралдары бар ма? Спорт мектептерiне (әсiресе зiл­темiрге) қа­­былданып жат­қандар кiмдер? Бапкерлер ауыл-ауылды аралап жүрiп, атқа мiнiп, аққа тойып өскен, уызына жарыған қыр баласын тауып әкеле ала ма? Әлде “жоғарыдан” түс­кен қоңырау бойынша қан-сөлi жоқ бозарған бiр боз­өкпенi алуға мәжбүр бола ма? Одан қандай зiлтемiршi шығады?

Қайда қазақтың нағыз ұлтжанды, елжанды, намысты марғасқа жiгiттерi? Қайда қазақ бапкерлерi? Шыға алмай жүрсе екен-ау, шығармай жүрмiз ғой. Болмаса зiлтемiрден елге ең­бегi сiңген, шәкiртiн де шыңға шығарған, тiптi Илья Ильиндей оғланды баптаған Ержас Болтаев, Дәулет Әдiлғазин, Тойшан Бекте­мiров кiмнен кем едi. Қайда солар? Бiлiмге де, техникаға да, ақыл мен мiнезге де бай, жүрегiнде қазақ намысы, тамырында қазақ қаны тулап жатқан сондай бапкерлерге тiзгiн берер, сенiм артар кез жеттi емес пе.

Бапкер еңбегi мен бе­делi неге ескерiлмейдi? Болашақ спортшыны тұмсығынан сыпырып, тұсауын кесiп, балапан күнiнен бабына келтiретiн солар емес пе. Ғылымға жүгiнсек, кез келген қасиет бала бойына тек 14-15 жасқа дейiн ғана қалыптасады екен. Ендеше болашақ спортшының бойына ең шебер әдiс-тәсiлдi, спорттық дағдыны, спорттық мiнез-құлықты қалып­тас­тыратын сол бапкерлер. Бапкер тек бапкер емес, ол балаға әке, аға, ұстаз. Баланы спорттық қана емес, адамгершiлiк мiнез-құлыққа да тәрбиелеп шығаратын сол бапкерлер. Сол бапкерлер кiм?

Олар – азғана жалақыға қанағат етiп, абырой да, атақ та, ақша да қумай, алдындағы баласынан басқада шаруасы болмай, әл­дебiр жертөлелерде тынымсыз жаттығу жасатып жат­қандар.

Олар – ондаған жылдар тынымсыз еңбектенiп, даяр “өнiмдi” Ни мен түрiк шалына өткiзiп берiп жатқандар.

Олар – шәкiртi жеңiске жеткен кезде де қасында тұрып халыққа көрiне алмайтындар.

Ал бiз спортымыз қар­қынды дамыды, төрт құбыламыз түгел деп шiренгенде айыл бауымызды үзiп жi­бере жаздаймыз.

Әмина Құрманғалиқызы, сыншы,

жертөледе жаттығып жүрген болашақ зiлтемiршiнiң әжесi.

"Жас Алаш" газеті