IBF және IBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин жасы және карьерасы туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Сенбі, 9 сәуірде GGG біріктірілген жекпе-жекте WBA нұсқасы бойынша орта салмақтағы "суперчемпион" жапон Риота Муратамен кездеседі. Айта кетейік, 8 сәуірде Головкин 40 жасқа толады. Жекпе-жек Сайтамада (Жапония) өтеді.
"Мен 40-қа тақап қалдым және бұрын ешқашан 40-та болмағандықтан, оның қандай болатынын білмеймін. Бірақ қазіргі жағдай бойынша, бәрі керемет.
Мен сырттан ешқандай қысымды сезбеймін. Оған мүлде мән бермеймін, бірақ, сонымен қатар өз жағдайымды толық білемін. Шындықтан алыстамаймын және өзімді алдамаймын. Менде ешқандай адасу жоқ. Мен қолымнан не келетінін толық білемін және карьерамды жалғастырамын, өйткені қолымнан келеді", - деп келтіреді vRINGe.com Головкиннің сөзін.