05 қыр, 2016 сағат 08:20

Өзбекстанның макроэкономикалық жағдайы. Жетістігі мен кемшілігі

1. Жалпы ішікі өнімі.

 Өзбекстанда жалпы ішікі өнім көрсеткіштері ашық жарияланбайтын болғандықтан, тек болжаулар жасау мүмкін. Батыс экономистері пікірі бойынша 2015 жылғы Өзбекстан жалпы ішкі өнімі 60-70 млрд АҚШ доллары көлемінде деп бағалануда. Халық саны 32 млн адам.

Орташа, жан басына шаққанда 2,0-2,3 мың доллар.

Салыстыру үшін, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2014 жылы 230 млрд доллар болды, 2015 жылы, теңгенің еркін айналымына байланысты 190-200 млрд доллар болды.  Халық саны 17,5 млн адам. Жан басына шаққанда 11,0 мың доллар.

    Өзбекстанның статистикалық деректері бойынша, соңғы жылдары,  ЖІӨ жыл сайын 7-8 пайызға өсетіні айтылады. Бірақ, батыс экономистері бұл көрсекіштерге күманмен қарайды. Мәселен, әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде, 2015 жыл нәтижесі бойынша Ресейдің ЖІӨсі 4 пайызға төмендеген, Қазақстан зорға 1,5 пайыздық өсуді қамтамасыз етті. Өзбекстанның көрсеткіші 8 пайыз өсім берген.

Өзбекстанның ЖІӨ ді есептеуде және бір түсініксіз нәрсе бар. Бұл мемлекетт ұлттық валютасы - сумның еркін айналымдағы валюталарға алмастыру бағамының екі түрлі болуында. Ресми бағам бойынша, 2016 жыл ортасында 1 АҚШ доллары 3000 сум шамасында болса, қара базардағы еркін алмастыру бағамы 6300 сум болған. Егерде, Өзбекстанада экономикалық көрсеткіштердің ашық анықтау жолына өтсе, жалпы макроэкономикалық көрсеткіштер екі есеге төмендеуі мүмкін. Бірақ, Өзбекстанда бағалар мемлекет тарапынан қатаң қадағаланғаны үшін, Әлем банкінің  мемлекеттердегі сатып алу мүмкіндігінің паритеті бойынша, көрсеткіштер шамалы көтерілуі мүмкін.

2014 жылғы деректер бойынша Өзбекстан ЖІӨсі  150,0 трлн сум шамасы болған. Ресми бағам бойынша 50 млрд доллар болады.

Өзбек халқы ежелден кіші және орта бизнеске бейім болған. Әсіресе, сауда саласы өте дамыған.  

2. Негізгі өндіріс салалары.

Өзбекстан кеңес дәуірінде дамыған өндіріс күштеріне ие еді. Авиация, текстиль, ауылшаруашылық машина жасау, электроника, химия, металлургия, энергетика, уран өндіру, түсті металлургия дамыған болатын. Алтын өндіру Ресейден кейінгі екінші орында болды. Мақта өндіру және оны экспорттау бойынша  әлемдегі алдыңғы қатарда болды.

Қазір Өзбекстанда жаңа өндіріс саласы – автомобиль жасау өндірісі дамыды. Жылына 220-250 мың жеңіл автомобиль, автобустар өндіріс жолға қойылған. Автомобильдер негізінен Ресей, Қазақстанға экспорт жасалады.

Сонымен бірге газ өндіру, алтын өндіру, түсті метал – мыс өндіру, мақта және текстиль саласы сақталған. Газ өндіру дамығанымен, ол негізінен ішкі тұтынуға жолданды. Сонда да экспорттық әлеуеті сақталуда. Сондықтан, әр жылы қыстың суықтарында газ жетіспеушілігі байқалады. 

Өкінішке орай, авиация, ауыл шаруашылығы машина жасау саласы, электроника, мұнай өндіру қысқарды. Мақта алқаптары екі есе қысқарып, астық өндірісі дамыды. Бидай өндіру суармалы жолмен жүзеге асырылды. Өзбекстанның жеміс – жидек, көкөніс өндіру мүмкіндігі үлкен.

3. Экспорттық әлеуеті.

Өзбекстан қойнауы алтын, мыс, газ, уран кендеріне бай, ал мақта өндіру мен оны экспорттаудан әлемде бірінші – үшінші орындарда. Соңғы 20 жылда жеңіл автомобиль экспорттау өте дамыды.

Соңғы жылдары жалпы экспорт көлемі, батыс экономистері бағалауы бойынша, 16-18 млрд АҚШ долллары көлемінде болды. Салыстыру үшін, 2014 жылы Қазақстан экспорты 80,0 млрд доллар, 2015 жылы 46 млрд доллар.

 Алтын экспорты, негізінен, инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталған. Экспорт көлемі 80-95 тонна шамасында бағалануда. Қазақстан 20-25 тонна алтын өндіреді, экспортталмайды, негізінен, Ұлттық банк сатып алады.

Мыс кабель өнімдерін өндіруге шамалы қолданады, негізігі бөлігі Ресей, Қытайға экспортталады. Алмалық мысы өте сапалылығымен белгілі.

Газ Қытайға, аз бөлігі Ресейге, Тәжікстанға, Қырғызстанға экспортталады. Соңғы жылдарға дейін Қазақстан оңтүстігі де Өзбек газын пайдаланушы еді. Бейнеу- Шымкент құбыр жүйесі арқылы газ келіп импорттауды тоқтаттық.

Уран негізінен Ресейге экспортталады. Экспорттау бойынша әлемде Қазақстаннан кейін екінші орынды егелейді.

Мақта талшығын экспорттаудан Өзбекстан әлемде бірінші орында. Жылына 1 млн тонна мақта талшығын экспорттайды. 1 млн мақта талшығы 3,5 млн мақта шикізатынан өндіріледі. Кезінде Өзбекстан 5-5,5 млн тонна шикізат мақтасын өндірген. Мақта егу алқаптары екі есе қысқарып, орнына бидай егілді.

Автомобиль экспорты бойынша деректер өзгеруде. Үш – төрт жыл алдын Ресейге 100 мыңға дейін экспортталса, қазір екі есе азайғаны туралы деректер бар.

4. Инвестициялар.

Өзбекстан егемендікке шыққан жылдары шет ел инвестициясына емес, өзінің өндіріс күштеріннің ішкі инвестициялық мүмкіндіктерін пайдалану жолын таңдады. Нәтижесінде, Түркия, Оңтүстік Корея және Ресейден басқа мемлекеттер қомақты инвестиция жасамады. Саяси байланыстардың сууына байланысты Түрік инвесторлары кетуге мәжбүр болды. Аз ғана Европалық инвесторлар дивидендтерін алып шығу мәселесін шеше алмағаннан кейін, олар да елден кетуге мәжбүр болды.

Жалпы Орталық Азия елдеріне жұмылдырылған инвестициялардың 80 пайызы Қазақстан үлесіне тиеді. Қалған 4 мемлекеттке 20 пайыз ғана. Өзбекстан басшылары соңғы жылдары ғана шет елдік инвестицияларды жұмылдыруға әрекет жасауда, бірақ ақша-несие саясатының еркін болмағаны үшін, нолдік инвестицияға да келушілер жоқ болып тұр. Тек, Ресей мен Оңтүстік Корея ғана инвестициялық жобаларды жүзеге асыра алды.

5. Ақша- несие саясаты.

Өзбекстанда, өкінішке орай, ерекше жабық ақша – несие саясаты  жүргізілгені нтижесінде банктерден еркін кредит алу, еркін ақша айналымы, еркін айналымдағы валюталарға алмастыру өте қиын жағдайда. Мәселен, өнеркәсіп орны есеп шотындағы сумдаға қаражатын импорт жасау үшін доллар немесе евроға алмастыру үшін, арнаулы түзілген Комиссия шешімін бір неше ай күтуі керек. Нәтижесінде елде тұрғындар өз ақшаларын банктерде ұстамауға тырысады.

Айлықтар пластик карточкаларға өткізіледі. Бірақ, банкоматтар жоқтың қасы. Ешкім банкоматтардан пайдаланбайды. Пластик карточкаға түскен ақшаны тек, арнаулы супермаркеттердегі терминал арқылы сауда жасауға болады. Ал, супемаркеттердегі бағалар жай базар мен кіші дүкендердегі бағалардан 15-25 пайызға қымбат. 

Елдегі алмастыру орындары тек шет ел валютасын қабылдайды, сатпайды. Шет елге шығатын азаматқа арнаулы шешіммен, дәлелденген есеп бойынша  2 мың долларға дейін ғана пластик карточка арқылы алмастыру мүмкін.

Өзбекстан экономикасы тұңғыш Президент Ислам Абдуганиевич Каримов дәуірінде өз мүмкіндіктерін тола пайдалана алмады. Коррупция, парақорлық кең болды.

Президенттің қайтыс болуымен байланысты көп өзбекстандықтар экономиканың ашық саясатқа өтуінен, шет елдік инвестицияларға кең жол ашылуынан үміт күтуде.

Менің пайымдауымша, қазіргі өзбек элитасы және билікке келетін тұлғалар керекті өзгерістерді жасауға құштар болуы өте аз. Жақын жылдарда экономикалық саясат өзгермеуі мүмкіндігі жоғары.


Жобаев Сапарбай

Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еуразия ұлттық университеті.

3.09.2016

Р.S. 1.Көп жылдары Өзбекстан Республикасы Қаржы министрлігінің бөлім бастығы лауазымын атқарған.

2. Бюджет бойынша келесі жолы.

Ұлт порталы