31 там, 2016 сағат 14:03

Өзбекстан Ресейден Ислам Кәрімовтің еміне көмек сұраған жоқ - РФ вице-премьері

Ташкент ресми түрде Мәскеуден Өзбекстан Президентін емдеуге көмек сұраған жоқ, - деп хабарлайды РИА Новости. Бұл туралы сәрсенбі күні РФ вице-премьері Ольга Голодец мәлімдеді. 

Голодецтың айтуынша, Өзбекстанмен екі жақты көмек көрсету келісілген. "Күрделі технологиялық ота жасау керек болса біз әрдайым көмек береміз. Алайда бізге ресми түрде өтініш келген жоқ", - деді вице-премьер. 

Ресми мәліметке сәйкес, Кәрімов стационар емделуден өтіп жатыр. Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтің кенже қызы Лола Кәрімова-Тилляева Facebook желісінде әкесінің миына қан кеткенін айтқан.

Айта кетейік, осыған дейін Өзбекстанда ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 31 тамызға белгіленген салтанатты шаралар кейінге қалдырылғаны хабарланған болатын. Ал оның алдында Өзбекстан президентінің қайтыс болғаны туралы қауесеттер тараған еді. Алайда бұл мәлімет ресми түрде нақтыланбады.

kaz.tengrinews.kz