24 мау, 2019 сағат 15:05

Өз сәбиін жоғалтып алған арыстық әйел өзгенің баласын құтқарып қалған

Арыс қаласындағы жарылыс кезінде адасып қалған сәбиді бөтен әйел өз баларымен бірге құтқарып қалған. Үш жасар Ұлан есімді баланың жарылыс маңайынан табылғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіге тараған болатын. Қараусыз қалған балаға қамқор болған Балқия Зауырбековамен сөйлесіп, оқиғаның қалай болғанын тілшіміз сұрап білді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлан деген баланы ата-анасына тапсыруға апара жатырмыз. Баланың қарны тоқ. Тамақтандырып, су бердік. Өзіміздің үш баламен бірге күйеуіміз екеуміз Қазығұртқа келе жатырмыз», - дейді Арыс қаласының тұрғыны.

Әйелдің айтуынша, төтенше жағдай кезінде өзі де бір жасар баласынан көз жазып қалған.

«Өзіміздің де бір жасар баламыз адасып кеткен болатын. Оны Қазығұртта деп естідік. Бұл баланы ата-анасына апарып, өз баламызды да  тауып алайық деп кетіп барамыз», - деген арыстық ана 3 жасар Ұланды қалай жолықтырғанын айтып берді.

«Бұл бала жарылыс басталып, адамдар абыр-сабыр болып жатқан сәтте әскери бөлімнің маңайында адасып қалған. Жуықта ғана полицияға кірген інім Әлихан тауып алып, жетектеп әкелген қалпы қолыма ұстатты. «Балаға ие бол, жоғалтпа, қолынан жіберме» деп қатты тапсырды. Өзімнің үш баламмен бірге мұны қолынан тас қылып ұстап бірнеше қыр астық. Южный жақта ең соңғы қырға жетіп бірақ тоқтадық. Осы кезде жолдасым Шымкенттен жетіпті. Қазір алтауымыз Қазығұртқа кетіп барамыз. Өзінің айтуынша баланың жасы үште», - дейді Балқия Зауырбекова.

Арыс тұрғыны көршілес елді мекендердің апаттан босқан халыққа қолынан келгенше көмектесіп жатқанын айтады.

«Жолда адамдарға риза болдық. Арыстан Қазығұртқа барар жолдың бойында адамдар үйлерінен шығып, қолында бар азығымен бөлісіп жатыр. Бірі нан, бірі бәліш, бірі су ұсынуда. Жас жігіттер торсықпен су тасып жүгіріп жүр. Көліктің терезесін түсіріп, өздері бірінші болып ұсынғандарын көргенде қатты риза болдым. Арыстан қашып шыққаннан кейін қыр басында 3-4 сағат сусынсыз қалғанбыз. Сол қиындықтың бәрін мұндағы адамдардың мейірімі ұмыттырып жібереді екен», - дейді Балқия Зауырбекова.