Қазақстандық боксшы, Токио Олимпиадасы ойындарының қола жүлде иегері Сәкен Бибосынов жекпе-жектен кейінгі өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жекпе-жектің бірінші раундында нокаут болмады, екінші раундта мен бар күшімді салғандықтан, қарсыласымнан басым түстім деп ойлаймын. Өз басым, жеңілдім деп ойламаймын, дегенмен төрешінің шешімі солай. Сондай-ақ, бұл көрсеткішпен тоқтамаймын, алда жіберілген кемшіліктер бойынша жұмыс істеп, одан әрі жарысқа қатысып, жеңіске жетемін», - деді Бибосынов ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, боксшының жекпе-жегіне қатысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев те пікірін білдірді.
«Бүгінгі жартылай финалда мен Бибосынов жеңді деп білемін. Бірінші раундта соққыны жіберіп алғандықтан, төрешілердің бәрі бірдей ұпайды Сәкеннің қарсыласы болған ағылшын боксшысына берді. Ал екінші раундта 2:3 есебімен біздің спортшы басым түсті. Үшінші раундта төреші 3:2 ұпаймен жеңісті Бибосыновқа берді. Төрешілер әділ баға берді ме, жауапты солардың ар-ұятына қалдырдық, жеке менің ойым – Сәкен жеңді. Оның «алтын» алу мүмкіндігі бар еді», - деді Сәпиев.
Айта кетейік, Токио Олимпиадасында қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов (52 келі) қола жүлдегер атанды.