28 ақп, 2020 сағат 09:18

«Отандастар» цифрлы кітапханасы ашылды

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Отандастар» оқу залы ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Рухани орданың ашылуы «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен жүзеге асты.

Залдың ашылу салтанатына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, «Отандастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов, белгілі қаламгер Сұлтан Оразалин, түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы және қандастарымыз бен зиялы қауым өкілдері қатысты. Сонымен қатар, салтанатты іс-шара барысында «Қазақ әлемі» - «Мир казахов» кітабының электрондық нұсқасы жұртшылыққа алғаш таныстырылды.

«Ұлттық академиялық кітапхана аясында «Отандастар» цифрлы кітапханасы құрылды. Онда оқырманға қазақ диаспорасы туралы шетел әдебиеті мен отандастарымыздың шығармалары ұсынылған. Қазіргі таңда кітапхана қоры 2 мың кітаптан асты. Барлық әдебиет «Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасының» техникалық платформасында цифрланды. Бұл біздің отандастарымызға әлемнің кез келген жеріннен қалаған кітабын оқуға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.

 

Іс-шара барысында қонақтар өзара тәжірибе алмасып, ашық пікір алмасты.