Облыс орталығында «Тәуелсіз Қазақстан» поездының делегациясын салтанатты түрде қарсы алды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған акция аясында түрлі сала мамандары тұрғындармен кездесу өткізіп, медициналық, әлеуметтік және заңдық көмек көрсетеді, сондай-ақ кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы сұрақтары бойынша кеңес береді.
Темір жол вокзалында құрметті меймандарды қарсы алу үшін қала басшылығы, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, қала жастары арнайы келді.
– Бүгінде Өскемен Шығыс Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан индустриалды, өндірістік, ғылыми және мәдени орталығы. Біздің қаламызға қол келдіңіздер! Сіздерді ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында қарсы алу- біз үшін үлкен қуаныш. Осы жылдар аралығына қазақстандықтар Ұлт Көшбасшысымен бірге тарихи даму кезеңінде үлкен жетістіктерге жетіп, қуатты Қазақстанның іргесін қалады. Халық мүддесіне бағытталған игі істеріңізде сәттілік тілейміз, – деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ольга Булавкина.
Поезд құрамында 250 маман келді, оның 72-сі дәрігер, 7 министрліктің өкілдері, 3 ұлттық компания өкілдері. Мамандар Өскемен қаласының барлық әлеуметтік топтарын қамтып, ҰОС ардагерлері, халықтың аз қамтылған бөлігіне, шалғай ықшам аудандар тұрғындарына басты назар аудармақшы.
- Біз Өскемен қаласы дегенде, ең алдымен достықтың алтын бесігі, өндіріс орталығы кенді Алтайды еске аламыз. Біз Елордасы Астанадан Тәуелсіздіктің 25 жылдығының құттықтауы мен ыстық сәлемін ала келдік. Біздің сапарымыздың мақсаты тек насихат, Тәуелсіздік жетістіктерін айту ғана емес, ең бастысы халыққа қажетті көмек көрсету, - деді поезд штабы басшысы Әміржан Альпеисов
Министрліктер өкілдері Өскемен қаласына келісімен азаматтарды қабылдауға кірісті. Мұнда өскемендіктер әлеуметтік, заңдық, ауыл шаруашылығы бойынша өз сауалдарын тікелей қоюға мүмкіндігі бар.
№2 қалалық аурухана және Ана мен бала орталығында дәрігерлер ересектер мен балаларды қабылдау жүргізеді. Медицина мекемелерінде невролог, нефролог, уролог, гематолог, травмотолог, ревматолог, пульмонолог, педиатр, гастроэнетеролог, ангиохирург, кардиолог, офтальмолог, онколог, хирург мамандары тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ, «ақпарттық-түсіндіру жұмыстары бойынша арнайы блок жоспарланған: 25 жылдың белестері» атты қоғам өкілдері мен жастар қатысуымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған лекция-презентация, «Бейбітшілік пен келісім – Қазақстан бренді» тақырыбындағы кездесу өткізіледі.