03 қар, 2017 сағат 18:02

Өскемендік жазушы Борис Щербаков Абайдың туған жері туралы кітап жазды

Шығыс Қазақстан облыстық Пушкин атындағы кітапханада өскемендік жазушы әрі өлкетанушы Борис Щербаковтың «Жидебайдың жұлдызды даласы» - «Звёздная степь Жидебая» атты кітабы жарыққа шықты. Өлкетанушының тың туындысы қазақ және орыс тілінде оқырманға жол тартты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өлкетанушы кітапты жазу үшін Абай ауданындағы ұлы ақынның туған жерін аралап, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенін бірнеше жыл бойы зерттеген. Қазақтың ұлы тұлғасы дүниеге келген мекен Еуразия кеңістігінің тура ортасы - кіндік нүктесі екені белгілі. Жас кезінен Шығыстың шырайлы мекенін армансыз аралаған Борис Щербаковтың туындысының тұсаукесеріне бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты.

Борис Щербаковты жерлестері биология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының Жазушылар одағының мүшесі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің арнайы сыйлығының лауреаты, білгір орнитолог ретінде таниды. Кітап жазумен бірге орнитолог өңірдің аң-құстарының ахуалы мәселесін жиі көтеріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүр.  


«Осы туындыны жазуда көп еңбектендім. Неліктен Абай туралы жазуды ұйғардым?.. Ұлы ақынның ұлылығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сол себепті, Абайдың жүріп өткен жолдарын, оның өлмес туынды жазған өңірдің қасиетін оқырманға сездіре білуге тырыстым», - дейді Борис Щербаков.

Автор өз кітабында жалғыз ақынның ғана өміріне тоқталып қалмай, қазақ атын әлемге паш еткен, осы өңірдің тумалары туралы да жазып өткен. Кітаптың әр тарауы Абай Құнанбайұлының өмірі туралы керемет сыр шертіп, Жидабай өңірінің қасиетті мекен екенін паш ете түседі.

«Борис Щербаков Абай туралы туынды жаза отырып, Ұлы ақынның өмірін зерттеуде тыңнан түрен сала білді. Өз басым жазушының Абай жайлы кітап жазуға жылдар бойы оқталып жүргенін білетін едім. Ұлы далаға деген шексіз махаббат жазушыны осы туындыны дүниеге әкелуге жетеледі», - дейді библиограф Жанна Сақпанова.