Фото: Ашық дереккөз
Өскемен қаласының тұрғыны полицияға теракт жайлы жалған хабар бергені үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Белгісіз ер адам тәртіп сақшыларына қоңырау шалып, Өскемен қаласында теракт дайындалып жатқаны туралы жеткізген.
"Полицейлер дереу сол жерге барған. Алайда тексеруден кейін бұл ақпараттың жалған екені анықталды. Орынсыз әзілдеген мас күйдегі 51 жастағы қала тұрғыны болып шықты", - делінген ақпаратта.
Мамандандырылған қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны үшін ер адамға 30 АЕК мөлшерінде (110 760 теңге) айыппұл салынды.
Осы ретте, ведомство өкілдері қоғамдық резонанс пен ықтимал салдарларды ескере отырып, мұндай бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын, ол бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертеді.