Фото: Inform.kz
Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов Талғар ауданында өткен жиында мүмкіндігі шектеулі жандарды кемсіткен сөзі үшін халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды Ult.kz.
Шенеунік желідегі парақшасында кездесуге көптеген азаматтардың қатысып, министрге маңызды сауал қоюға ұмтылғанын айтты.
"Жиынға мүмкіндігі шектеулі жандар да келді. Олар да министрмен (Ақмарал Әлназарова) кездесіп, көкейдегі мәселесін жеткізгісі келді. Бір азамат микрофонға жақындағанда, залдағы кейбір адамдар оған сөзін аяқтатпай, шу көтере бастады.
Мен халықты тыныштыққа шақыру үшін сөз алдым. Сол сәтте орыс тілінде айтқан сөзімді қате жеткіздім. Шын мәнінде, «Алла үлкен сынақ берді» деп айтқым келген.
Өз сөзімнің елдің көңіліне тиіп, намысына тигенін түсінемін. Осы үшін шын жүректен кешірім сұраймын", – деп жазды Қанат Есболатов.
Бұған дейін әлемжеліде тараған видеода облыс әкімінің орынбасары халықты сабырға шақырып, «мүгедектерді сыйлайық, орысша айтқанда Құдай оларды онсыз да жазалап қойған», – деген болатын.
Желідегі қауым әлгі пікірді дөрекі әрі намысқа тиетін мәлімдеме деп есептеп, шендіні жауапқа тартуды талап етті.
Жағдайға Талғар ауданы әкімінің штаттан тыс уәзірі Марат Жапаров та араласып, Есболатовқа ара түсті. Оның айтуынша, шендінің біреуді кемсітіп, келемеж қылатын ойы болмаған.
